Қазалы мәдени-демалыс кешенінде абаттандыру және көркейту жұмыстары жүргізілуде

39

Қазіргі таңда аудан орталығындағы Қазалы мәдени-демалыс кешенінде ауқымды абаттандыру және көркейту жұмыстары қарқынды түрде жүзеге асырылуда. Негізгі мақсат – тұрғындар мен қонақтарға қолайлы, қауіпсіз және эстетикалық тұрғыдан тартымды демалыс ортасын қалыптастыру.

Кешен аумағында санитарлық-тазалық және абаттандыру бағытында кешенді жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, гүл көшеттері отырғызылып, жасыл аймақтар жүйелі түрде күтімге алынуда. Сонымен қатар аумақтағы барлық нысандар толықтай тазартылып, жуылып, ағаш түптері әктелуде.

Демалыс аймағындағы орындықтар мен шағын сәулеттік элементтер сырланып, жаяу жүргіншілер жолдары сыпырылып және жуылу арқылы ретке келтірілуде. Бұл жұмыстар кешеннің жалпы көрінісін жақсартып, келушілер үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.

Сонымен қатар веложолақтар жаңартылып, арнайы жол белгілері мен сызықтары қайта сызылуда. Бордюрлерді әктеу жұмыстары да қатар жүргізіліп, аумақтың эстетикалық келбеті айтарлықтай жаңартылуда.

Абаттандыру шараларының басты мақсаты – мәдени-демалыс кешенін заманауи талаптарға сай көркейтіп, тұрғындардың бос уақытын тиімді әрі жайлы өткізуіне жағдай жасау.

Жалпы алғанда, атқарылып жатқан жұмыстар кешеннің инфрақұрылымдық және эстетикалық деңгейін арттырып, ауданның сәулеттік келбетіне оң әсерін тигізуде. Көркейген демалыс орталығы – ауданның айнасы екені атап өтілуде.

Ортақ мекеннің тазалығы мен тартымдылығын сақтау – барша тұрғындардың ортақ міндеті болып қала бермек.

Advertisements