Әйтеке би кентінде спорт инфрақұрылымын дамыту жұмыстары қарқын алды

42

Қазіргі таңда Әйтеке би кентінде бұқаралық спортты дамыту және жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында спорт кешендері мен спорт алаңдарының құрылысы қарқынды жүргізілуде.

Бүгін аудан әкімі Алмасбек Есмаханов тиісті сала басшыларымен бірге кент аумағында салынып жатқан бірқатар спорт нысандарын аралап, құрылыс жұмыстарының сапасымен танысты.

Алдымен аудан басшысы мәдени-демалыс кешені аумағында бой көтеріп жатқан спорт кешенінің құрылысын көрді. Жалпы құны 643 млн теңгені құрайтын бұл нысанның құрылысын «Болашақ» ЖШС мердігер мекемесі жүзеге асыруда. Қазіргі таңда ғимаратта шатыр жабу, қасбетін қаптау және ішкі сылақ жұмыстары қатар жүргізілуде.

Аудан әкімі құрылыс сапасына ерекше назар аударып, мердігер мекеме өкілдеріне жұмысты белгіленген мерзімде аяқтап, нысанды ел игілігіне сапалы түрде тапсыру қажеттігін ескертті.

Бұған дейін аудан басшысы кенттегі спорт алаңдарының жағдайымен танысып, жаңа нысандар салу және тозығы жеткен спорт алаңдарын жөндеу жөнінде нақты тапсырмалар берген болатын. Соған сәйкес қазіргі уақытта кент аумағында 2 жаңа спорт алаңының құрылысы басталып, тағы 2 алаңда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Сапар барысында аудан әкімі жаңадан бой көтеріп жатқан тұрғын үй аумағындағы А. Әсербаев пен Ж. Құдабаев көшелерінің қиылысында орналасқан және №276 мектеп жанындағы спорт алаңдарының құрылысымен де танысты.

Тексеру барысында анықталған кейбір кемшіліктер бойынша мердігер мекемелерге тиісті ескертулер жасалып, оларды жою және сапасын арттыру жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Сонымен қатар, барлық жұмыстарды 1 маусымға дейін толық әрі сапалы аяқтау міндеттелді.

Кент әкіміне жаңа спорт алаңдарын бейнебақылау камераларымен жабдықтау, түнгі жарықтандыру жүйесін орнату және нысандардың қауіпсіз әрі қолайлы жұмыс істеуін қамтамасыз ету бойынша қосымша тапсырмалар жүктелді.

Advertisements