Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен негізгі салалар бойынша міндеттер айқындалды

35

Бүгін аудан әкімі Алмасбек Есмаханов ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, макроэкономикалық межелердің орындалуы, инвестиция тарту, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, жұмыспен қамту және бюджет кірістерін ұлғайту, сондай-ақ қоғамдық-саяси ахуалға қатысты бірқатар өзекті мәселелер бойынша мәжіліс өткізіп, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

Мәжілісте аудан басшысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен Мұрат Нәлқожаұлы Ергешбаевтың Қызылорда облысының әкімі болып тағайындалуына байланысты өңірдің дамуына жаңа серпін беру, барлық салада нәтижеге бағытталған жүйелі жұмыстарды күшейту қажеттігін атап өтті.

2026 жылдың алғашқы үш айының қорытындысы бойынша аудан көрсеткіштерінде оң динамика қалыптасқаны айтылып, алдағы кезеңде даму қарқынын бәсеңдетпеу тапсырылды. Өнеркәсіптің өңдеу секторын дамыту, жаңа өндіріс орындарын ашу, инвестициялық жобаларды іске асыру, тұрақты жұмыс орындарын құру және құрылыс нысандарын белгіленген мерзімде пайдалануға беру мәселелері бойынша жауапты сала басшыларына нақты міндеттер жүктелді.

Мемлекеттік бағдарламалар аясында бөлінген қаржыларды тиімді әрі уақытылы игеру, мемлекеттік сатып алу рәсімдерін заң талаптарына сәйкес жүргізу мәселелері де қатаң бақылауда болуы керектігі ескертілді.

Сонымен қатар қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтау, әлеуметтік желілерге тұрақты мониторинг жүргізу, тұрғындармен кері байланысты күшейту және аудан жаңалықтарын жүйелі түрде ақпараттандыру бағыттарына ерекше назар аударылды. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында аудандық полиция бөліміне күшейтілген режимде жұмыс істеу тапсырылды.

Мәжіліс соңында елді мекендердегі санитарлық тазалық, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын жүйелі ұйымдастырудың маңыздылығы айтылып, кент, қала және ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар берілді.

Аудан әкімі барлық тапсырмалардың орындалуы қатаң бақылауда болатынын ескертті.

Advertisements