Еңбекке жол ашқан бос жұмы орындары жәрмеңкесі

13

Жұмыссыздық деңгейін төмендету, халықты тұрақты жұмыспен қамту және еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсынысты тиімді үйлестіру – мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі. Осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі жалғастыру мақсатында бүгін Қызылорда қалалық «Мансап орталығы» филиалында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

Жәрмеңкенің басты мақсаты – жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілер арасында тікелей байланыс орнатып, азаматтардың тұрақты еңбекке орналасуына мүмкіндік жасау. Сонымен қатар еңбек нарығына алғаш қадам басқан жастарға бағыт-бағдар беріп, мемлекеттік қолдау шараларын кеңінен насихаттау көзделді.

Шараға түрлі саладағы 9 жұмыс беруші мекеме қатысып, өндіріс, құрылыс, білім беру, денсаулық сақтау, қызмет көрсету және басқа да бағыттар бойынша 172-ден астам бос жұмыс орнын ұсынды. Жұмыс іздеушілер өздерінің білімі мен кәсіби тәжірибесіне сәйкес келетін бос орындармен танысып, жұмыс берушілермен тікелей әңгімелесуге мүмкіндік алды. Бұл өз кезегінде екі тараптың уақытын үнемдеп, еңбек қатынастарын жедел қалыптастыруға жол ашты.

Жәрмеңкеге жоғары оқу орындары мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының түлектері, жұмыссыз азаматтар, еңбек жолын жаңадан бастағысы келетін жастар және жаңа мамандық бойынша жұмыс іздеушілер белсенді қатысты. Оларға еңбек заңнамасы, жұмысқа орналасу тәртібі, кәсіби даярлау мен қайта даярлау мүмкіндіктері, мемлекеттік бағдарламалар аясында көрсетілетін қолдау тетіктері жөнінде жан-жақты ақпарат берілді.

Шара қорытындысында 35 азамат тұрақты жұмысқа орналасуға мүмкіндік алып, жұмыс берушілердің жолдамасына ие болды. Сонымен қатар еңбек өтілі жоқ жас мамандарды қолдау мақсатында 14 азамат жастар практикасына жолданды. Бұл бағдарлама жастардың алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтап, кәсіби дағдыларын жетілдіруіне және алдағы уақытта тұрақты жұмысқа орналасуына үлкен мүмкіндік береді.

Бүгінде Қызылорда қаласында жұмыспен қамтудың белсенді шаралары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Соның ішінде субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру бағдарламалары халықтың әлеуметтік осал топтарын еңбекке тартуда маңызды рөл атқаруда.

Атап айтқанда, қоғамдық жұмыстар бағдарламасы бойынша 2026 жылы 950 азаматты жұмыспен қамту жоспарланған. Алайда жыл басынан бері атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жоспарланған межеден асып түсетін көрсеткішке қол жеткізіліп отыр. Бүгінгі күнге дейін 285 мекемемен келісімшарт жасалып, қоғамдық жұмыстарға 1219 адам жолданған. Олардың 212-сі – мүгедектігі бар азаматтар. Бұл еңбекке қабілетті ерекше қажеттілігі бар жандарды қоғам өміріне белсенді тартуға және олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды қадам.

Әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру бағыты бойынша да нақты нәтижелер бар. Қазіргі таңда 4 жұмыс беруші мекемемен келісім жасалып, 8 азамат әлеуметтік жұмыс орындарына жолданған. Бұл бағдарлама жұмыс берушілерді ынталандыру арқылы еңбек нарығында тәжірибесі аз немесе жұмысқа орналасуда қиындық көріп жүрген азаматтарды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.

Мансап орталығының мамандары жұмысқа орналастырумен қатар азаматтарға кәсіптік бағдар беру, жаңа кәсіпті меңгеруге жол ашу, қысқа мерзімді оқыту курстарына қатысу, кәсіпкерлік негіздерін үйрену және мемлекеттік гранттар мен жеңілдетілген несиелер туралы кеңестер беріп келеді. Бұл кешенді жұмыстар еңбек нарығының талаптарына бейімделген білікті мамандарды даярлауға және халықтың экономикалық белсенділігін арттыруға ықпал етеді.

Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі – жұмыс іздеушілер үшін жаңа мүмкіндікке жол ашатын, ал жұмыс берушілер үшін білікті кадрлармен толықтыруға жағдай жасайтын тиімді алаң. Мұндай кездесулер еңбек нарығындағы өзекті мәселелерді шешуге, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізуде.

Алдағы уақытта да Қызылорда қалалық «Мансап орталығы» филиалы тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға бағытталған осындай жәрмеңкелерді тұрақты түрде өткізіп, мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыра бермек.

Advertisements