Әке – отбасы тірегі

19

«Әке – асқар тау, ана – мөлдір бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» деген дана халқымыздың нақылы ғасырлар бойы отбасының тұтастығын айқындап келеді. Ұлт тәрбиесінің өзегі саналатын әке институтын нығайту, отбасы құндылықтарын дәріптеу және жас ұрпақ санасына жауапкершілік пен адамгершілік қасиеттерді сіңіру – бүгінгі қоғамның маңызды міндеттерінің бірі. Осы мақсатта Қызылорда қаласындағы М. Ералиева атындағы мәдениет үйінде «Әке – отбасы тірегі» атты мәдени-танымдық шара ұйымдастырылды.

Маусым айының үшінші жексенбісі елімізде Әкелер күні ретінде аталып өтеді. Айтулы мерекеге орай өткен тағылымды жиынға ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері, жас сарбаздар, ата-аналар, жастар, қоғамдық ұйымдардың мүшелері мен қала тұрғындары қатысты. Шараның басты мақсаты – әке мәртебесін көтеру, отбасы институтын нығайту, ұлттық тәрбиені дәріптеу және ұрпақ тәрбиесіндегі әкенің айрықша рөлін кеңінен насихаттау.

Мерекелік кеш арнайы дайындалған бейнероликпен басталды. Онда әкенің отбасы өміріндегі орны, бала тәрбиесіндегі жауапкершілігі, ұлттың рухани құндылықтарын сақтаудағы миссиясы әсерлі көріністер арқылы көрсетілді. Әкенің тек шаңырақтың асыраушысы ғана емес, баланың алғашқы ұстазы, өмірлік бағдар берушісі әрі отбасының рухани тірегі екені бейнероликтің негізгі өзегіне айналды.

Шара барысында сөз алған қоғам қайраткерлері, ардагерлер, дінтанушылар мен түрлі сала мамандары отбасы тәрбиесіндегі әкенің орны туралы мазмұнды баяндамалар жасады. «Әке мәртебесі және ұлттық құндылықтар», «Әке мен бала арасындағы рухани байланыс», «Әкелер институтын нығайту – қоғамды нығайту», «Әке мен ана – отбасы бақытының қос қанаты» тақырыптары аясында өрбіген пікір алмасуда қазіргі қоғамдағы отбасы тәрбиесінің өзекті мәселелері кеңінен талқыланды.

Спикерлер қазақ қоғамында әкенің бала тәрбиесіне белсенді араласуы ежелден қалыптасқан дәстүр екенін атап өтті. Батырлық пен елдікке тәрбиелеу, үлкенді құрметтеу, еңбекқорлық пен адалдық секілді асыл қасиеттердің бәрі әке өнегесі арқылы ұрпақ бойына сіңетінін айтты. Сонымен қатар қазіргі заманда әкенің тәрбиелік қызметін күшейту, отбасы мүшелері арасындағы өзара түсіністік пен сыйластықты арттырудың маңыздылығы сөз болды.

Кездесу барысында жастар да өз ойларын ортаға салып, әке тәрбиесінің өмір жолын таңдаудағы ықпалы туралы пікірлерімен бөлісті. Ардагерлер ұлт тәрбиесіндегі дәстүр сабақтастығын сақтаудың маңызын айтып, өздерінің өмірлік тәжірибелерінен тағылымды әңгімелер өрбітті. Бұл өз кезегінде аға буын мен жас ұрпақ арасындағы рухани байланысты нығайтуға ықпал етті.

Шара аясында отбасы құндылықтарын насихаттайтын әдеби-музыкалық композициялар қойылып, әке тақырыбына арналған патриоттық және лирикалық әндер шырқалды. Көрермендерге ұлттық тәрбие, ата-анаға құрмет және ұрпақ сабақтастығы тақырыбын арқау еткен көркем қойылымдар ұсынылып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

Мерекелік жиынның әсерлі сәттерінің бірі – қоғамға үлгілі қызмет етіп, саналы ұрпақ тәрбиелеп отырған ардақты әкелерді марапаттау рәсімі болды. Отбасылық құндылықтарды дәріптеуге және қоғамдық өмірге белсенді атсалысып жүрген бірқатар азаматтарға Қызылорда қаласы әкімінің және «Әкелер Одағы» қоғамдық бірлестігінің Алғыс хаттары табысталды. Бұл марапаттар әке еңбегіне көрсетілген құрметтің, отбасы алдындағы жауапкершілікті бағалаудың жарқын көрінісі болды.

Қазақ халқы қашанда әкені отбасының қорғаны, ақылшысы және ұрпағына бағыт-бағдар беретін тұлға ретінде жоғары бағалаған. Сондықтан әке мәртебесін көтеру – тек бір отбасының емес, тұтас қоғамның рухани дамуына ықпал ететін маңызды қадам. Өйткені тәрбиелі ұрпақ – берекелі отбасының, ал берекелі отбасы – қуатты мемлекеттің негізі.

«Әке – отбасы тірегі» атты мәдени-танымдық шара осы игі мақсаттарды дәріптеп, көпшілікке отбасы құндылықтарының мәнін тереңірек ұғындырған тағылымды басқосуға айналды. Мұндай мазмұнды кездесулер ұлттың рухани құндылықтарын жаңғыртып, әке беделін арттыруға, жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік, жауапкершілік және адамгершілік қасиеттерді сіңіруге қызмет ете бермек.

Advertisements