QYZYLORDA STREET SPORT FEST: Жастарды спорт пен салауатты өмірге бастайтын алаң

Қызылорда қаласында жастар арасында бұқаралық спортты дамытуға және салауатты өмір салтын кеңінен насихаттауға бағытталған QYZYLORDA STREET SPORT FEST фестивалі аясындағы Streetball (3х3) турнирі өз бастауын алды. Ашық форматта ұйымдастырылған жарыс өңірдің спорт сүйер жастарын бір арнаға тоғыстырып, көше спортын дамытуға жаңа серпін беруде.
Бүгінде стритбол – әлем бойынша қарқынды дамып келе жатқан спорт түрлерінің бірі. Жылдамдықты, ептілікті, командалық үйлесімділікті талап ететін бұл ойын жастар арасында ерекше танымал. Осы үрдісті қолдау мақсатында ұйымдастырылған турнирге Қызылорда облысының аудандарынан, Қызылорда қаласынан, сондай-ақ Шымкент пен Байқоңыр қалаларынан келген 10 команда қатысуда. Бұл жарыстың өңіраралық деңгейде қызығушылық тудырып отырғанын көрсетеді.
Турнирдің басты мақсаты – жастарды спортпен тұрақты айналысуға ынталандыру, бос уақытын тиімді ұйымдастыру, дене белсенділігін арттыру және салауатты өмір салтының құндылықтарын дәріптеу. Сонымен қатар, жарыс талантты спортшыларды анықтап, олардың тәжірибе алмасуына, өзара достық қарым-қатынасты нығайтуына мүмкіндік береді.
Алаңдағы тартысты кездесулерде командалар жоғары дайындықтарын көрсетіп, әр ұпай үшін жан аямай күресуде. Көрермендер де қызықты ойындардың куәсі болып, спортшыларға қызу қолдау білдіруде. Мұндай жарыстар жастардың бойында жеңіске деген жігерді, жауапкершілікті және командалық рухты қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
Соңғы жылдары Қызылорда облысында бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Әртүрлі деңгейдегі спорттық фестивальдер, ашық турнирлер мен жастар арасындағы жарыстардың тұрақты ұйымдастырылуы – өңірдегі спорт мәдениетінің дамуына оң ықпал етуде. QYZYLORDA STREET SPORT FEST те осы игі бастамалардың заңды жалғасы саналады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестиваль жастардың спортқа деген қызығушылығын арттырумен қатар, олардың белсенді өмірлік ұстанымын қалыптастыруға, жаңа достар табуына және өңірлер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.
Турнир қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен командалар арнайы дипломдармен, медальдармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталады. Ал жеңімпаз атанған ұжымдар фестивальдің басты жүлделерін иеленіп, көше баскетболындағы өз шеберліктерін тағы бір мәрте дәлелдейді.
QYZYLORDA STREET SPORT FEST – спорт пен салауатты өмір салтын насихаттайтын, жастарды белсенділікке үндейтін маңызды алаң. Осындай игі шаралар арқылы дені сау, белсенді әрі бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыруға бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.







