Қала әкімі қаламгерлерге құрмет көрсетті

12

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай Қызылорда қаласы әкімдігінің мәжіліс залында ақпарат саласы өкілдеріне арналған салтанатты қабылдау ұйымдастырылды. Журналистердің елеулі еңбегін бағалап, кәсіби мерекесін айшықтаған тағылымды жиынға өңірдегі бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, ардагер журналистер мен медиа саласының қызметкерлері қатысты.

Салтанатты шара барысында қала әкімі Нұржан Ахатов ақпарат саласы қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, журналистиканың қоғамдағы орны мен ел дамуындағы маңызды миссиясына тоқталды. Өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың журналистер туралы айтқан: «Бүгінгі журналистер екі маңызды рөлді қоса атқаруға тиіс: олар шындықты боямасыз көрсететін айна әрі ұлтты өркениетке жетелейтін ағартушылық жолдағы шамшырақ болуы керек» деген пікірін негізге ала отырып, бұқаралық ақпарат құралдарының мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді байланысты қалыптастырудағы ерекше қызметін атап өтті.

– Бұқаралық ақпарат құралдары еліміздің бүгіні мен ертеңін қалыптастыруда, қоғамдық пікірді орнықтыруда, мемлекеттік саясатты халыққа түсіндіруде және ел бірлігін нығайтуда айрықша рөл атқарады. Қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп, өңірдің тыныс-тіршілігін кеңінен насихаттап жүрген барша қалам иелеріне ризашылығымды білдіремін. Сіздердің еңбектеріңіз әрдайым жоғары бағалауға лайық, – деді шаһар басшысы.

Жиын барысында қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы, тұрғындардың тұрмыс-тіршілігі, өзекті мәселелері мен жетістіктерін тұрақты түрде ақпараттандырып, халық пен билік арасындағы алтын көпірге айналған бірқатар журналистерге қала әкімінің арнайы Алғыс хаттары мен қаржылай сыйақылары табысталды.

Сонымен қатар өңірлік журналистиканың дамуына сүбелі үлес қосқан «Халық» газетінің және Kiltmedia.kz ақпараттық сайтының тілшісі Рыскелді Сәрсенұлы, сондай-ақ «Шешім журналистикасы» қауымдастығының оңтүстік өңірлік үйлестірушісі, медиа-тренер Нұрбек Сағатұлы қаланың ең жоғары марапаттарының бірі – «Құрмет» грамотасымен марапатталды. Бұл – кәсіби біліктілік пен ұзақ жылғы еңбектің лайықты бағалануы болды.

Салтанатты қабылдау барысында мерейлі белестерге жеткен өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының мерейтойлары да назардан тыс қалмады. Биыл «Qyzylorda» телеарнасының құрылғанына – 35 жыл, ал «Ұстаз мәртебесі» газеті мен «Qyzylorda-news» ақпарат агенттігінің құрылғанына 15 жыл толуына орай аталған ұжымдарға арнайы сый-құрмет көрсетіліп, олардың өңірдің ақпарат кеңістігін дамытудағы еңбегі жоғары бағаланды.

Журналистер мерекесіне арналған іс-шаралар тек салтанатты қабылдаумен ғана шектелген жоқ. Мереке қарсаңында ақпарат саласы қызметкерлері арасында бұқаралық спортты дамытуға бағытталған бірқатар жарыстар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, ерлер арасында бильярдтан, ал журналист қыздар арасында үстел теннисінен турнирлер өткізіліп, жеңімпаздар арнайы марапаттармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Бұл жарыстар қаламгерлердің шығармашылық қызметпен қатар салауатты өмір салтын ұстанатынын көрсетіп, әріптестік пен достық қарым-қатынасты нығайтуға ықпал етті.

Халық жазушысы, ұлт мақтанышы Шерхан Мұртаза журналист мамандығының табиғатын бір ғана сөйлеммен дәл сипаттап кеткен еді: «Арқалағаны алтын, жегені жантақ». Расында, қоғамның тамырын дөп басып, ақиқаттың ақ жолынан таймай еңбек ету – үлкен жауапкершілік. Сондықтан қаламгерлерге көрсетілген құрмет – бір ғана мамандық иелеріне емес, сөз құдіретіне, ақпараттың ақиқатына және қоғамның рухани дамуына көрсетілген құрмет.

Қызылордада ұйымдастырылған мерекелік іс-шаралар журналист мамандығының мәртебесін арттырып, ақпарат саласы өкілдерінің еңбегіне деген қоғамдық құрметтің айқын көрінісіне айналды. Осындай игі дәстүрлер алдағы уақытта да жалғасып, ел мүддесі жолында еңбек етіп жүрген қаламгерлердің мерейін үстем ете беретіні сөзсіз.

Advertisements