“Сәлем, саған туған ел!” атты karaoke-battle кеші өнерсүйер қауымның басын қосты

Қалалық мәдени-демалыс паркінде қазақ эстрадасының көрнекті өкілі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі композитор Кеңес Дүйсекеевтің шығармашылығына арналған «Сәлем саған, туған ел!» атты Karaoke-Battle музыкалық кеші өтті. Ұлттық ән өнерін дәріптеуді мақсат еткен шара қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл күй сыйлап, ашық аспан астындағы мазмұнды мәдени кештердің біріне айналды.
Музыкалық дода барысында қатысушылар композитордың елге кеңінен танымал әндерін караоке форматында орындап, вокалдық қабілеттері мен сахналық мәдениеттерін паш етті. Әнсүйер қауым шығармашылық белсенділік танытып, көрермендердің ыстық ықыласы мен қолдауына ие болды. Әрбір орындалған шығарма көрермендерді қазақ эстрадасының алтын қорына енген әндермен қайта қауыштырып, кештің әсерін арттыра түсті.
Кеш соңында белсенді қатысушыларға арнайы сыйлықтар табысталып, бірқатар тұрғындар қалалық мәдени-демалыс паркіндегі аттракциондарға тегін жолдамаларды ұтып алды. Бұл өз кезегінде қатысушылардың қызығушылығын арттырып, мәдени шараның мазмұнын байыта түсті.
Іс-шара аясында тұрғындарға «Заң мен тәртіп» қағидатының маңызы жан-жақты түсіндіріліп, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясының негізгі мақсаттары кеңінен насихатталды. Сонымен қатар қоршаған ортаны қорғау, қала тазалығын сақтау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қоғамдық жауапкершілікті арттыру бағытында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Өнер мен тәрбиелік бағытты ұштастырған «Сәлем саған, туған ел!» Karaoke-Battle кеші ұлттық музыкаға деген құрметті арттырып, қала тұрғындарының мәдени демалысын мазмұнды ұйымдастыруға өз үлесін қосты.







