Қорқыт Ата университеті талапкерлерге ішкі грант пен оқу ақысына жеңілдіктер ұсынады

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті 2026–2027 оқу жылында бакалавриатқа түсетін талапкерлер арасында ҰБТ пәндері бойынша онлайн олимпиада өткізеді. Білімін сынап, жоғары нәтиже көрсеткен қатысушыларға университеттің ішкі білім беру гранты мен оқу ақысына жеңілдіктер қарастырылған.
Олимпиада қорытындысы бойынша 20 талапкерге 100 пайыздық ішкі білім беру гранты беріледі. Сонымен қатар 10 талапкерге – 50 пайыз, 60 талапкерге – 25 пайыз және 70 талапкерге – 10 пайыз көлемінде оқу ақысына жеңілдік беріледі.
Білім додасы 14 тамызда онлайн форматта, прокторинг жүйесі арқылы өтеді. Қатысу үшін 13 тамыз сағат 18:00-ге дейін eduser.online платформасында тіркелу қажет. Көрсетілген уақыттан кейін түскен өтінімдер қабылданбайды.
Талапкерлер тіркелмес бұрын олимпиада ережесімен, техникалық талаптармен, дербес деректерді өңдеуге берілетін келісіммен және таңдаған білім беру бағдарламасының ҰБТ шекті балдарымен танысуы тиіс.
Толық ақпарат: https://korkyt.edu.kz/article/2692







