Қазақ жастары дрон құрастыру технологиясында әлемдік бәсекеге түсуге дайын

57

Қазақстанда соңғы жылдары дрон технологиясы түрлі салаларда кеңінен қолданыла бастады. Соның ішінде ауыл шаруашылығында ұшқышсыз басқару аппараттарын пайдалану — заманауи үдеріске айналды.

Бүгінде “Nova Kazakhstan” – осы бағытта жұмыс істеп келе жатқан отандық компаниялардың бірі. Қазақстандық мамандардан құралған ұжым ұшқышсыз ұшу аппараттарын әзірлеу және өндіру бағытында табысты еңбек етіп, елге кеңінен танылып келеді. Жас технокрадтар әсіресе ауыл шаруашылығына арналған дронның бірнеше түрін құрастырып, оны өндірістік сынақтан сәтті өткізіп, оң нәтижеге қол жеткізіп отыр.

Компания инженерлерінің қатарында еңбек етіп жүрген жастың бірі — Талап Әли. Дрондардың техникалық жүйелерімен жұмыс істеп,  қондырғының сапасы мен функционалдық қызметін жетілдіруге атсалысатын маманмен аз-кем сұхбат құрған едік. 

– Әуелі дрон құрастыру идеясы қайдан туындады? Компания қалай құрылып, қанша адам осы бағытта жұмыс істеп жатыр?

– Дрон жасау әлемде қарқынды дамып келе жатқан үдеріс. Біз заман ағымынан қалмауымыз керек деп ойлаймын. Қазақстанда бұл салаға қызығушылық төмен екенін байқап осы жұмысты алғашқылардың бірі болып қолға алдық. ІТ, ЖИ,  3D моделдеу технологиясын жетік меңгерген 9 жас маман бір мақсат, бір идея тұрғысында бірігіп, дрон құрастыруды бастадық. Сөйтіп, бұл салада белгілі бір нәтижеге жетіп, компания құрдық.  Яғни, біздің командадағы қыз-жігіттердің жас ерекшелігі 18-25 арасы. Бір сөзбен айтқанда ғылымға бетбұрған жалындап тұрған жастар.

– Жалпы Сіздер құрастырып жатқан дрондардың артықшылығы немесе өзгеше функциялары бар ма?

– Әрине, әр жобаға біз жан-жақты көзқараспен, тың дүниелерді енгізу бойынша жұмыс істедік. Мысалы, Қытайдың алпауыт брэнді DJI дрондарының тар аумақта түрлі іс-қимыл жасау мүмкіндігі шектеулі немесе ұшуға болмайтын зонада тоқтап қалады. Ал біздің жасап шығарған ұшу аппараттарымыз кез келген жағдайға бейімделген. Және оның жады мен басқару тетігіне өзге бағдарламалар арқылы бұзып кіру мүмкін емес. Отандық дрондардың қозғалтқышы біздің инженерлер жасап шығарған жүйемен ұшады және басқа бағдарламаларға бағынбайды. 

– Ауылшаруашылығына арналған дрондарыңыз қандай функциялар атқарады?

– Бізде қазір мал шаруашылығына қолайлы аппараттар бар. Мәселен өріске шыққан мал бір орында тұрмайды. Ал біздің жасаған дрондар арқылы жоғалған төрт-түлікті іздеуге, жайлаудағы малшыға су-тамағын апаруға мүмкіндігі бар. Тіпті, қойларды қораға айдап, малға шөп тасуға болады. Техникалық жағынан 20 км қашықтыққа дейін басқарылады және 1 сағат үзбей ұшу мүмкіндігіне ие. Қазіргі таңда ол компанентін де жетілліріп, одан да мықты етіп сынақтан өткізіп жатырмыз.

– Әлемде болып жатқан әскери қақтығыстарда дрондар шайқасы үлкен рөл ойнап жатыр. Сіздер құрастырып жатқан ұшқышсыз аппараттарды соғыс жағдайына бейімдеуге бола ма?

– Жалпы бұл күрделі мәселе. Әскери мақсатта пайдаланатын дрондарды құрастыру идеясы ойымызда бар. Бұл бағытта біздің компания инженерлері дайын деп те айта алам. Өйткені, бұған дейін тәжірибе жүзінде жылдам ұшатын әскери мақсаттағы дрондар жасап көргенбіз. Оны сала мамандары жоғары бағалады. Бүгінде сұраныс бойынша әскери мақсаттағы техникаларға бірнеше жоба жасап жатырмыз.

– Сіздердің компания үлкен ауқымда жұмыс істеуге дайын ба?

– Әрине, алға қойған мақсатымыз айқын. Жұмыс ауқымы күн санап артып жатыр. Өйткені, заманауи технологияға сұраныс жоғары. Сондықтан, әр өңірде филиалдар ашу жоспарда бар. Өз ісін жетік білетін жас мамандармен қатарымызды толықтырып жатырмыз. Жалпы келешекте Қазақстанды дрон құрастыруда әлемдегі озық елдердің біріне айналдырсақ деген үлкен мақсатымыз бар. Соған жету үшін тынбай еңбек ететін боламыз.

– Соңғы сауал, Сіздер шығарған бір дронның нарықтық құны қанша теңгені құрайды, құпия болмаса?

– “Nova Kazakhstan” компаниясының дрон аппараттары функционалдық мүмкіндіктеріне және қуаттылығына қарай бағаланады. Біз жасап шығарған аппараттардың ең төменгі құны 250 мың теңгеден басталады. Яғни, шет елдік дрондармен характеристикасы бірдей біздің дрондар баға жағынан екі-үш есе арзан тұрады. Бірақ, сапасы жағынан еш кем емес деп сенімді түрде айта аламын.

Сұхбатыңызға рақмет! Ілкімді істеріңізге сәттілік телейміз.

Advertisements