Құрылтай депутаттары куәліктерін қашан алады?

16

Құрылтай депутаттарына куәліктер партиялар мандаттарды кандидаттар арасында бөліп, тиісті мәліметтерді Орталық сайлау комиссиясына ұсынғаннан кейін табысталады. Бұл туралы ОСК хатшысы Шавкат Өтемісов айтты.

Оның сөзінше, сайлау қорытындысы жарияланғаннан кейін 5 пайыздық межеден өткен партиялар басқару органдарының отырыстарын өткізіп, тізімдегі кандидаттардың қайсысына мандат берілетінін анықтайды.

– Сайлау қорытындылары жарияланғаннан кейін 5 пайыздық межеден өткен партиялар өздерінің басқару органдарының отырыстарын өткізеді. Осы отырыстарда тізімге енгізілген кандидаттар арасында мандаттарды бекітіп, бөледі. Өз шешімдерін бізге жолдайды. Партиялар мандат берген адамдар туралы деректерді алғаннан кейін тиісті құжаттарды дайындауға аз уақыт қажет. Содан кейін оларды табыстаймыз. Бәрі партиялардың басқару органдарының жеделдігіне байланысты, – деді Шавкат Өтемісов.

Осыған байланысты депутаттарға куәлік табыстаудың нақты мерзімі әзірге белгіленген жоқ.

Еске сала кетейік, бұған дейін Құрылтай сайлауының соңғы қорытындысы жарияланды.

Сонымен бірге, саяси партиялар арасында депутаттық мандаттардың қалай бөлінгені де хабарланды.

фото: Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Advertisements