Жол сапасы: Құрылыс нысандарынан жүз отыздан астам ақау анықталды

Ақтөбе облысында жергілікті маңыздағы жолдардың ұзындығы 4 мың шақырымнан асады. Биыл оның 219 шақырымы жөнделуі тиіс. Әсіресе шалғай ауылдарға апаратын жолдарға басымдық беріліп отыр. Бұл жұмыстарға 73,4 млрд теңге бөлінді. Салынып жатқан жолдардың сапасы ұдайы бақылауда. Дегенмен, кемшіліктер де бар. «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» мекемесі мамандары тек жергілікті маңыздағы автомобиль жолдарының өзінен 30-дан аса кемшілік анықтаған.
«Біз 90 нысандағы құрылыс сапасына бақылау жүргіздік. Оның ішінде облыстық маңыздағы жолдар мен қала аумағындағы учаскелер де бар. Нәтижесінде 900-ге жуық сынама алынып, 32 ақау анықталды. Құрылыс компаниялары әзірге оның алтауын ғана қалпына келтірді. Қалған кемшіліктер де кепілдік мерзімі аясында жойылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі қала көшелерімен қатар, елді мекендерден тыс жолдардың сапасына да көңіл бөлуді тапсырғаны белгілі. Сондықтан біз бұл бағыттағы жұмыстарды сапалы түрде жалғастыра береміз», – дейді, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» Ақтөбе облыстық филиалының инженері Есет Ұзақбаев.
Облыс аумағымен өтетін республикалық маңыздағы бірнеше жол бөлігінде де жаңарту, жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Қазіргі уақытта 15 учаске бойынша құрылыс компанияларына қатысты кепілдік міндеттемелер сақталған. Оның ішінде «Ақтөбе-Атырау», «Қандыағаш-Ембі-Шалқар-Ырғыз», «Ақтөбе-Орск», «Ақтөбе-Мәртөк-РФ шекарасы» және «Қостанай-Рудный-Денисовка-Комсомол-Қарабұтақ» тас жолдары бар. Мамандар жыл басынан бері бұл нысандардан 686 сынама алды. Оның 103-і талапқа сай болмай шықты. Мердігер мекемелер кемшіліктердің тең жарымын түзеп үлгерді. Зертханалық бақылау жұмыстары көрсеткендей, жол құрылысына қажетті материалдар нормативтік-техникалық құжаттарға сәйкес келмейді. Кей учаскелерде жол төсемінің конструкциялық қабаттарын салу және нығыздау кезінде де кемшіліктер жіберілген. Жолды күтіп ұстау бойынша да ескертулер бар.







