Қазалыда ұзақ жыл еңбек еткен сала мамандары құрметті демалысқа шықты

16

Қазалы ауданында өз саласында ұзақ жылдар бойы абыройлы еңбек етіп, ел игілігіне үлес қосқан мамандар құрметті зейнет демалысына шығарылды.

Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов жол саласының білікті маманы, «Қазалы Жолшы» ЖШС-нің бас инженері Досболат Абжалелов пен санитариялық-эпидемиологиялық салада 36 жыл еңбек еткен Ақмарал Есенееваға арнайы қабылдау өткізіп, құрмет көрсетті.

Досболат Махатжанұлы еңбек жолын қарапайым жол жұмысшысы ретінде бастап, жылдар өте бригадир, инженер, жетекші маман және жол шебері қызметтерін атқарған. Саладағы мол тәжірибесі мен кәсіби біліктілігінің арқасында бас инженер лауазымына дейін көтерілді.

Ол еңбек еткен жылдары жол құрылысы мен жол инфрақұрылымын дамытуға елеулі үлес қосып, бірқатар салалық және мемлекеттік марапаттарға ие болған.

Ал Ақмарал Өмірбайқызы денсаулық сақтау және санитариялық-эпидемиологиялық бақылау саласында 36 жыл табанды еңбек етті. Осы кезеңде аудан тұрғындарының санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарға атсалысып, жинақтаған тәжірибесін кейінгі буын мамандарымен бөлісті.

Қабылдау барысында аудан әкімі сала мамандарына ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына және халық игілігіне қосқан еңбектері үшін алғысын білдірді.

– Сіздердің саналы ғұмырларыңыздың елеулі бөлігі елге қызмет етуге арналды. Өз салаларыңызда қажырлы еңбек етіп, кейінгі буынға үлгі боларлық өнегелі жол қалыптастырдыңыздар. Еңбектеріңіз – ел есінде, абыройларыңыз – кейінгі ұрпаққа өнеге. Ендігі уақытта бейнеттің зейнетін көріп, отбастарыңыздың ортасында аман-есен, ұзақ ғұмыр кешулеріңізге тілектеспін, – деді Алмасбек Есмаханов.

Қазақы дәстүрге сай Досболат Махатжанұлына шапан, Ақмарал Өмірбайқызына камзол мен жаулық жабылып, ауданның жоғары марапаты – Қазалы ауданының «Құрмет грамотасы» табысталды.

Өз кезегінде ардагер мамандар көрсетілген құрметке ризашылықтарын білдіріп, аудан басшылығына алғыстарын жеткізді.

Қабылдауға қатысқан аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш те ел игілігі жолында ұзақ жылдар бойы еңбек еткен мамандардың еңбегі кейінгі буынға үлгі екенін атап өтіп, ізгі тілегін білдірді.

Advertisements