Жаңа оқу жылына дайындық барысы пысықталды

13

ҚАРМАҚШЫ. Аудан әкімдігінде аудан әкімі Жандос Еркінбектің төрағалығымен кезекті мәжіліс өтіп, онда жаңа оқу жылына дайындық жұмыстарының барысы жан-жақты қаралды. Жиында білім беру ұйымдарының оқу жылын тиісті деңгейде бастауына қажетті жағдай жасау, мектептердің материалдық-техникалық дайындығы, оқушылардың қауіпсіздігі және әлеуметтік қолдау мәселелеріне басымдық берілді.

Алдымен аудандық білім бөлімінің бас маманы Тәжігүл Әбенова білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығы туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, қазіргі таңда мектептерде оқу процесін ұйымдастыруға қажетті жұмыстар жүргізіліп, білім ошақтарының материалдық базасын ретке келтіру, абаттандыру және жөндеу жұмыстары атқарылуда.

Жаңа оқу жылы қарсаңында бірқатар мектептерде жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Осыған байланысты аудан әкімі жөндеу жұмыстарының сапасына және белгіленген мерзімде аяқталуына ерекше назар аударды. Жауапты сала басшылары мен мердігер ұйымдарға құрылыс жұмыстарының оқу процесіне кедергі келтірмеуін қамтамасыз етіп, барлық жұмыстарды уақытында аяқтау тапсырылды.

Сонымен қатар аудандық аграрлы-техникалық колледжіндегі жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары да сөз болды. Колледж директорының міндетін атқарушы Әбдікәрім Жұбанышов оқу орнының дайындығы туралы ақпарат беріп, білім алушылар үшін жасалып жатқан жағдайларға тоқталды.

Оқушыларды әлеуметтік қолдау – басты назарда

Мәжілісте жаңа оқу жылына дайындықтың маңызды бағыттарының бірі – әлеуметтік қолдауды қажет ететін балаларды мектепке дайындау мәселесі болды.

Осы ретте республикалық «Мектепке жол» акциясы аясында көмекке мұқтаж отбасылардан шыққан балаларды қажетті оқу құралдарымен қамтамасыз ету, олардың жаңа оқу жылын алаңсыз бастауына жағдай жасау қажеттігі айтылды.

Аудан әкімі жауапты мекемелерге бұл бағыттағы жұмысты жүйелі ұйымдастырып, әлеуметтік қолдауды қажет ететін бірде-бір баланың назардан тыс қалмауын тапсырды. Оқушылардың мектепке қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі тұрақты бақылауда болуы тиіс екені ескертілді.

Оқушылардың қауіпсіздігі маңызды

Жиында білім беру ұйымдарының маңындағы жол қауіпсіздігі мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді.

Мектептер алдындағы жол белгілерінің жай-күйін тексеріп, қажет болған жағдайда оларды қалпына келтіру, жаяу жүргіншілер өткелдерінің талапқа сай болуын қамтамасыз ету және оқушылардың жолдан қауіпсіз өтуіне жағдай жасау жөнінде тиісті тапсырмалар берілді.

Әсіресе оқу жылы басталған кезде мектеп маңындағы көлік қозғалысы күшейетіндіктен, таңертеңгі және түстен кейінгі уақытта жол қозғалысын ұйымдастыруға ерекше мән беру қажеттігі атап өтілді.

Сонымен бірге жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мәселесі де қаралды. Бұл бағытта құзырлы органдармен бірлескен профилактикалық және рейдтік іс-шараларды тұрақты ұйымдастыру, жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықтық түсіндіру жұмыстарын күшейту тапсырылды.

15 мыңнан астам оқушы білім алады

Бүгінде Қармақшы ауданындағы білім беру ұйымдарында 15 мыңнан астам 1-11 сынып оқушысы білім алады. Ал биыл бірінші сыныпқа 1300-ден астам бүлдіршін қабылданып отыр.

Бұл көрсеткіш жаңа оқу жылына дайындықтың ауқымды екенін көрсетеді. Әрбір білім ошағының оқу процесіне толық дайын болуы, оқушыларға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру – жауапты мекемелердің негізгі міндеттерінің бірі.

Жаңа оқу жылы қарсаңында мектептердің жөндеу жұмыстары мен абаттандырылуы, оқу кабинеттерінің дайындығы, оқулықтармен қамтамасыз ету, әлеуметтік қолдауды қажет ететін балаларға көмек көрсету және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар кешенді түрде жүргізілуде.

Мәжілісті қорытындылаған аудан әкімі Жандос Еркінбек жауапты сала басшыларына жүктелген міндеттердің сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуын қатаң бақылауға алуды тапсырды. Әрбір тапсырма бойынша нақты нәтижеге қол жеткізіп, жаңа оқу жылын ұйымдасқан түрде бастау қажеттігін атап өтті.

Жаңа оқу жылы – білім алушылар үшін жаңа мүмкіндіктер кезеңі. Сондықтан аудан көлемінде оқушылардың сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ұстаздардың тиімді еңбек етуіне қажетті орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.

Advertisements