Қызылордада Қазақстан драма театрларының XXXI фестивалі басталды

19–24 қазан аралығында Қызылорда қаласында Қазақстан драма театрларының XXXI республикалық фестивалі өтіп жатыр. Биылғы өнер мерекесі қазақ театртану ғылымының көрнекті өкілі, белгілі театр сыншысы, өнертану профессоры Бағыбек Құндақбаевтың туғанына 100 жыл толуына арналып отыр. Бұл туралы Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрында өткен баспасөз конференциясында белгілі болды.
Алты күнге жалғасатын өнер додасында еліміздің әр өңірінен іріктелген он театр өз қойылымдарын көрермен назарына ұсынып, ұлттық сахна өнерінің бүгінгі тынысын, шығармашылық ізденістері мен көркемдік ерекшеліктерін танытады.

Баспасөз конференциясы барысында фестивальдің мақсаты мен маңызы, бағдарламасы, қатысушы театрлардың шығармашылық әлеуеті және қазылар алқасының жұмысы кеңінен талқыланды.
Оған қазылар алқасының төрағасы, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Театр және кино бөлімінің меңгерушісі, өнертану кандидаты Аманкелді Мұқан, театртанушы, өнертану докторы, профессор Бақыт Нұрпейіс, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ІІ дәрежелі “Барыс” және “Құрмет” ордендерінің иегері, кәсіби «Еңлікгүл» және «Тұран» сыйлықтарының иегері, режиссер Хұсейн Әмір-Темір , театртанушы, өнертану кандидаты, профессор Зухра Исламбаева, өнертану магистрі Алтынгүл Нұрбекова және Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының директоры, Мәдениет саласының үздігі Ербол Хабылбеков қатысты.

Фестивальдің өту барысы мен шығармашылық кездесулер туралы Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрының басшысы Мұхтар Мәуленұлы кеңінен баяндады.
Сонымен қатар, фестиваль аясындағы шығармашылық кездесулер мен кәсіби пікір алмасулар театр мамандарының тәжірибе бөлісуіне, өзара байланысын нығайтуына жол ашады.








