«Адал дос, асыл азамат» кітабының тұсаукесері өтті

12

Бүгін Достық үйі ғимаратында белгілі қаржыгер-экономист, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Жаңақорған және Шиелі аудандарының құрметті азаматы Қамбарбек Амангелдіұлы Мүбәраковтың өмірі мен өнегелі қызметіне арналған «Адал дос, асыл азамат» атты еске алу кітабының салтанатты тұсаукесер рәсімі өтті. Тағылымға толы бұл рухани шараға зиялы қауым өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, қаржы саласының ардагерлері, марқұмның туыстары мен әріптестері қатысып, ардақты азаматтың жарқын бейнесін бірге еске алды.

Аталған ғұмырнамалық еңбек аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев бастамасымен жарық көрген. Кітаптың негізгі мақсаты – ел дамуына сүбелі үлес қосқан тұлғаның өмір жолын кейінгі ұрпаққа үлгі ету, оның азаматтық болмысын, кәсіби шеберлігін кеңінен насихаттау.

Салтанатты жиынды Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті Басқарма төрағасы – ректоры Наурызбай Байқадамов жүргізіп, Қамбарбек Мүбәраковтың өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесіне жан-жақты тоқталды. Ол өз сөзінде қайраткер тұлғаның кәсіби біліктілігімен қатар, адами қасиеттері, қарапайымдылығы мен жауапкершілігі оны көпшілікке сыйлы еткенін атап өтті. Сондай-ақ, оның өмір жолы мен еңбек тәжірибесі жас буын үшін әрдайым өнеге екенін ерекше айтты.

Кітаптың құрастырушысы, белгілі журналист Дүйсенбек Аяшұлы жаңа туындының мазмұнына тоқталып, жинаққа енген естеліктер арқылы Қамбарбек Амангелдіұлының жарқын бейнесі айқын ашылғанын жеткізді. Оның айтуынша, кітапта кейіпкердің тек кәсіби жетістіктері ғана емес, сонымен қатар адамгершілік қасиеттері, достыққа адалдығы, елге деген жанашырлығы кеңінен қамтылған.

Екі бөлімнен тұратын еңбекте тұлғаның ата-тегі, балалық шағы, еңбек жолы, қызметтік тәжірибесі жүйелі түрде баяндалған. Сонымен бірге, қаржы саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырған білікті маманның ел игілігі жолындағы атқарған жұмыстары нақты деректермен толықтырылған. Кітап мазмұнында оның қысқа болса да мазмұнды ғұмырынан кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық тағылымды тұстар кеңінен көрініс тапқан.

Жинақта басты кейіпкердің әріптестері, замандастары мен жақындарының жүрекжарды естеліктері топтастырылған. Бұл естеліктер арқылы сол кезеңнің қоғамдық ахуалы, қызметтегі жауапкершілік пен адамдық құндылықтардың үйлесімі шынайы бейнеленген. Әсіресе, Қамбарбек Мүбәраковтың әріптестерімен қарым-қатынасы, достыққа беріктігі мен елге деген адалдығы ерекше ілтипатпен сипатталады.

Іс-шара барысында сөз алған мемлекет және қоғам қайраткерлері Бекмырза Еламанов, Мұрат Бақтиярұлы, сондай-ақ қоғам қайраткері Қуанышбек Ысқақов және қаржы саласының ардагерлері Дайрабай Ысқақов, Қалқазбек Әжібеков ардақты азаматтың биік адамгершілік келбеті мен кәсіби шеберлігі туралы тебіреніспен әңгімеледі. Олар Қамбарбек Амангелдіұлының елге сіңірген еңбегі ешқашан ұмытылмайтынын, оның жарқын бейнесі халық жадында мәңгі сақталатынын ерекше атап өтті.

Тұсаукесер рәсімі мазмұнды пікірлер мен әсерлі естеліктерге ұласып, жиналған көпшілікке ерекше рухани әсер сыйлады. Мұндай тағылымды шаралар – ұлттың рухани құндылықтарын дәріптеп, елге еңбек сіңірген азаматтардың есімін ұлықтаудың жарқын көрінісі екені сөзсіз.

Advertisements