Қалалық саябақ – қауіпсіз әрі мазмұнды демалыстың мекені

16

Қызылорда қаласындағы мәдениет және демалыс саябағы бүгінде тұрғындардың, әсіресе балалар мен жастардың сүйікті демалыс орындарының біріне айналды. Заманауи талаптарға сай қайта жаңғыртылған нысан қала тұрғындары мен қонақтарына сапалы әрі қауіпсіз қызмет көрсетіп келеді. Жазғы демалыс маусымында келушілер санының артуына байланысты саябақтағы қауіпсіздік шараларын күшейтуге ерекше назар аударылуда.

Өткен жылы күрделі жаңғыртудан өткен саябаққа 6,3 миллиард теңге инвестиция тартылып, жалпы аумағы 6 гектар болатын демалыс аймағы толықтай заманауи үлгіде қайта жасақталды. Бүгінде мұнда келушілерге арналған 21 аттракцион жұмыс істейді. Сонымен қатар серуендеу аллеялары, демалыс орындары, балалар ойын алаңдары мен көгалдандырылған аумақтар тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік беріп отыр.

Қазіргі таңда саябақтағы негізгі басымдықтардың бірі – келушілердің қауіпсіздігін толық қамтамасыз ету. Осыған байланысты аттракциондардың техникалық жарамдылығы тұрақты бақылауда ұсталып, олардың талапқа сай жұмыс істеуі жүйелі түрде тексерілуде. Әрбір ойын құрылғысының қауіпсіз пайдалану қағидалары сақталып, мамандар тарапынан күнделікті бақылау жүргізіледі.

Балалардың қауіпсіздігі – қоғамдық демалыс орындарының басты қағидаларының бірі. Сондықтан аттракциондарды пайдалану кезінде жас ерекшелігіне қойылатын талаптардың сақталуы, қауіпсіздік белдіктері мен қорғаныс құрылғыларының дұрыс қолданылуы, келушілерге қажетті нұсқаулықтардың берілуі ерекше маңызға ие. Бұл – төтенше жағдайлардың алдын алып, демалушылардың алаңсыз уақыт өткізуіне мүмкіндік береді.

Сонымен қатар саябақ аумағында қоғамдық тәртіпті сақтау, санитарлық талаптарды орындау және тазалық жұмыстарын үздіксіз жүргізу де күн тәртібінен түскен емес. Абаттандырылған аумақтардың күтімі, көгалдардың суарылуы, қоқыстың уақытылы шығарылуы және демалыс орындарының таза ұсталуы қала тұрғындары үшін жайлы орта қалыптастыруға ықпал етеді.

Мамандардың айтуынша, қауіпсіздікті қамтамасыз ету тек техникалық бақылаумен ғана шектелмейді. Келушілер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу, балаларды аттракциондарды пайдалану мәдениетіне баулу және ата-аналардың жауапкершілігін арттыру да маңызды. Әсіресе кішкентай балаларды аттракциондарға мінгізу кезінде ересектердің бақылауы міндетті талаптардың бірі саналады.

Қоғамдық демалыс орындарының қауіпсіз әрі сапалы қызмет көрсетуі – тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыратын маңызды факторлардың бірі. Осы тұрғыдан алғанда, қалалық мәдениет және демалыс саябағы заманауи инфрақұрылымы, қауіпсіздік талаптарының сақталуы және жайлы атмосферасы арқылы қызылордалықтардың сүйікті демалыс мекені ретінде өз қызметін жалғастырып келеді.

Жаз мезгілінде балалардың күлкісі мен тұрғындардың көтеріңкі көңіл-күйіне бөленетін саябақта қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау, техникалық бақылауды үздіксіз жүргізу және тазалықты қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғаса бермек. Бұл өз кезегінде қала тұрғындары мен қонақтарының алаңсыз әрі мазмұнды демалуына негіз болады.

Advertisements