Аралдағы ғасырлық вокзал жаңарды

100

Арал қаласындағы ғасырдан астам тарихы бар «Арал теңізі» теміржол вокзалы қайта жаңғыртылып, жолаушыларға есігін ашты.

Жаңарған вокзалдың ашылу салтанатына облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, Құрылтай депутаттары, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.

1905 жылы «Орынбор – Ташкент» теміржол желісінің құрылысы кезінде бой көтерген вокзал үшін бұл – жаңа кезең. Бір ғасырдан астам уақыт ішінде талай жолаушыны қарсы алып, талай адамды шығарып салған тарихи ғимарат бүгінгі талапқа сай жаңарды.

Енді мұнда жолаушыларға бұрынғыдан да қолайлы жағдай жасалған. Вокзалда күту залы, ана мен бала бөлмесі, медициналық пункт, жүк сақтау орны қарастырылған. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға ыңғайлы болу үшін лифт те орнатылған. Сонымен қатар шағын асхана, кафетерий және санитарлық-тұрмыстық бөлмелер бар.

Жаңғырту жұмыстарына 1,7 млрд теңге қаржы бөлінген. Жұмысты «Техаснастка ремсервис» компаниясы жүргізді. Құрылыс былтыр қараша айында басталған.

Жаңа вокзал тәулігіне 600 жолаушыға қызмет көрсете алады. Ал бір мезетте 224 адамды қабылдауға мүмкіндігі бар. Аймақ басшысы жаңғыртылған вокзалдың тек жолаушыларға жағдай жасау үшін ғана емес, Аралдың туристік әлеуетін арттыру үшін де маңызды екенін атап өтті. Себебі теміржол вокзалы – қалаға пойызбен келген адамның ең алдымен көретін орындарының бірі.

Қызылорда облысында теміржол инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары өзге де елді мекендерде жалғасып жатыр. Қазір өңірдегі бірнеше вокзал мен қызмет көрсету пункттері жаңғыртылуда.

Аралдағы тарихи вокзалдың жаңа келбеті – өткеннің мұрасын сақтай отырып, оны бүгінгі заман талабына бейімдеудің бір көрінісі. Ең бастысы, енді Аралға ат басын бұрған жолаушыны жайлы әрі заманауи вокзал қарсы алады.

Advertisements