Қармақшы ауданында Ұлттық кітап күніне арналған рухани шаралар өтті

15

Бүгін «Руханият» орталығында 23 сәуір – Ұлттық кітап күніне орай «Ұлттық кітап – ұрпақ аманаты» атты тағылымы мол мәдени-рухани шара ұйымдастырылды. Кітап оқу мәдениетін насихаттауға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және жас ұрпақтың рухани дамуына бағытталған мерекелік іс-шараға зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, жастар, кітапхана қызметкерлері мен белсенді оқырмандар қатысты.

Мерекелік шараның шымылдығы «Балалар әдебиеті – рухани тәрбие бастауы» атты кітап көрмесімен ашылды. Көрмеде балалар әдебиетінің үздік үлгілері, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін шығармалар, тарихи-танымдық және тәрбиелік маңызы зор еңбектер көпшілік назарына ұсынылды. Қатысушылар кітап көрмесімен танысып, әдеби мұраның жас ұрпақ тәрбиесіндегі орны туралы пікір алмасты.

Фестиваль аясында ұйымдастырылған «Жырмен өрілген кітап әлемі» атты поэтикалық марафон көпшілік көңілінен шықты. Мектеп оқушылары қазақ ақындарының шығармаларын мәнерлеп оқып, әдебиет пен кітапқа деген сүйіспеншіліктерін өлең жолдары арқылы жеткізді. Жас оқырмандардың өнері көрермендер тарапынан жоғары бағаланып, рухани кештің мазмұнын байыта түсті.

Салтанатты жиында аудан әкімінің орынбасары Диас Молдабаев сөз сөйлеп, жиналған қауымды Ұлттық кітап күнімен құттықтады.

– Мемлекет басшысы бастамасымен Ұлттық кітап күнінің белгіленуі – кітаптың қоғам өміріндегі орны мен маңызын айқындайтын маңызды қадам. Қазіргі таңда бұл бағытқа мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп, қоғамда кітап оқуға деген қызығушылық артып келеді. Өйткені халқымыздың бүкіл болмысы, мәдениеті, салт-дәстүрі мен тарихы кітап арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жетіп отыр. Ұлттық кітап күні шын мәнінде ұлтымыздың рухани мерекесіне айналса, бұл біздің мәдени деңгейіміздің жоғарылағанын көрсетеді. Сондықтан адамзаттың ақыл-ойы жинақталған асыл мұраны кеңінен насихаттау – баршамыздың ортақ міндетіміз, – деді ол.

Шара барысында кітапхана саласының дамуына үлес қосып жүрген бірқатар қызметкерлер мен кітап оқуды насихаттауда белсенділік танытқан оқырмандар аудан әкімінің «Құттықтауымен» марапатталды. Бұл олардың еңбегіне көрсетілген құрмет пен қолдаудың белгісі болды.

Сонымен қатар мерекелік шара аясында дәстүрлі «Кітапханаға кітап сыйла» акциясы ұйымдастырылып, кітапхана қорын толықтыру мақсатында жаңа кітаптар табысталды. Аталған акция тұрғындардың кітапқа деген жанашырлығын арттырып, оқырман мен кітапхана арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етті.

Тағылымды кеште аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Әбдірахман Құлдүйсенов, «Ұлт бірлігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Шегебай Құндақбаев және Жосалы кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Ұзақбаев сөз сөйлеп, кітаптың ұлт тәрбиесіндегі, ұлттық сананы қалыптастырудағы және рухани құндылықтарды сақтаудағы маңызына тоқталды. Олар жастарды кітаппен дос болуға шақырып, білім мен парасаттың қайнар көзі – кітап екенін атап өтті.

Мазмұнды шара барысында белсенді оқушылар ақындардың өлеңдерін оқып, аудан өнерпаздары ән шырқап, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Өнер мен әдебиеттің үндесуі кештің мазмұнын тереңдете түсіп, қатысушыларға ерекше әсер қалдырды.

Фестиваль бағдарламасы одан әрі «Жаңа буын – жаңа жыр» атты поэзия кешімен жалғасты. Мәжіліс залында өткен әдеби басқосуда аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Кенжебек Таңбаев жастарға ақ батасын беріп, шығармашылық ізденісте жүрген жас ақындарға сәттілік тіледі.

Кеш барысында жас буын өкілдері өз шығармаларын көпшілікке ұсынып, елдік, туған жер, адамгершілік және ұлттық құндылықтар тақырыбындағы жырларын оқыды. Жастардың шығармашылық қарымы мен әдебиетке деген қызығушылығы көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, рухани кештің мазмұнын одан әрі байыта түсті.

Бүгінде Қармақшы ауданындағы кітапханалар жүйесінде 456 мыңға жуық кітап қоры тұрғындарға қызмет көрсетуде. Бұл аудан тұрғындарының білім мен руханиятқа деген сұранысын қамтамасыз ететін маңызды мәдени қор болып саналады. Сонымен қатар облыс әкімі мен аудан басшылығының қолдауымен іске қосылған «Түнгі кітапхана» жобасы оқырмандарға қолайлы жағдай жасап, жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға оң ықпалын тигізуде.

Ұлттық кітап күні аясында ұйымдастырылған бұл тағылымды шаралар кітаптың қоғамдағы мәртебесін арттыруға, оқырман мәдениетін қалыптастыруға және ұлттық руханиятты нығайтуға бағытталған маңызды бастама ретінде есте қалды.

Advertisements