Ашық диалог – тиімді басқарудың басты тетігі

56

      Мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен есептілігі – халық пен билік арасындағы өзара сенімді нығайтатын маңызды қағидалардың бірі. Осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі жалғастыру мақсатында Қармақшы ауданы әкімінің тапсырмасына сәйкес Жосалы кентіндегі «Руханият» орталығында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен кезекті баспасөз брифингі өтті.

   Жиынның басты мақсаты – аудан тұрғындарын әлеуметтік-экономикалық даму бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстыру, мемлекеттік мекемелер қызметінің нәтижелерін жариялап, алдағы жоспарлар жөнінде кеңінен ақпарат беру. Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тұрғындарды толғандырған өзекті мәселелерге нақты жауап беріп, мемлекеттік органдар мен халық арасындағы тиімді байланысты нығайту көзделді.

   Баспасөз брифингіне Иіркөл ауылдық округінің әкімі Жағыпар Төлегенов, Ақтөбе ауылдық округінің әкімі Қанат Әбдіғаппарұлы, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Қармақшы аудандық аумақтық инспекциясының басшысы Тәуекел Сәндібеков, «Сыр суы» филиалының «Октябрь топтық су құбыры» өндірістік бөлімшесінің басшысы Қаршыға Әділет және «QazaqGaz Aimaq» АҚ Жосалы газ шаруашылығы мекемесінің басшысы Ержан Мұсаев қатысып, өз салалары бойынша есепті кезеңде атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

   Жиында алдымен ауылдық округ әкімдері өңірлердегі инфрақұрылымды дамыту, абаттандыру, санитарлық тазалықты сақтау, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту және әлеуметтік мәселелерді шешу бағытында жүзеге асқан жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар алдағы уақытта қолға алынатын жобалар мен жоспарланған бастамалар жөнінде жан-жақты ақпарат берді.

   Өз кезегінде агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция өкілі ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік бақылау шаралары, фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын бақылау және заң талаптарының орындалуы бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Бұл бағыттағы жұмыстардың негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығы өндірісінің қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз ету екені айтылды.

   Ал «Сыр суы» филиалының өкілі тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Су құбыры желілерін күтіп ұстау, олардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету, туындаған ақауларды жедел жою және жүйені жаңғырту мәселелері кеңінен сөз болды.

   Газ шаруашылығы мекемесінің басшысы өңірдегі табиғи газбен қамту жұмыстарының барысы, жаңа желілердің құрылысы, тұрғындарды көгілдір отынға қосу және газ пайдалану кезіндегі қауіпсіздік талаптарын сақтау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде ақпарат берді.

   Брифингтің негізгі бөлігі сұрақ-жауап форматында өрбіді. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері коммуналдық қызметтердің сапасы, инженерлік инфрақұрылымды дамыту, ауылдық елді мекендерді газдандыру мен ауыз сумен қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік бақылау және тұрғындардың әлеуметтік мәселелеріне қатысты сауалдарын жолдады. Сала басшылары әрбір сұраққа жан-жақты жауап беріп, көтерілген мәселелер бойынша нақты түсіндірмелер ұсынды.

   Жиын барысында мемлекеттік органдардың басты мақсаты – халыққа сапалы әрі қолжетімді қызмет көрсету, ауылдық елді мекендердің инженерлік инфрақұрылымын кезең-кезеңімен жетілдіру, агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік бақылауды күшейту және тұрғындармен тиімді кері байланысты қамтамасыз ету екені ерекше атап өтілді.

Advertisements