Аудан әкімі Қарақұм беткейіндегі елді мекендер мен мал шаруашылықтарының жағдайымен танысты

Жексенбі күні аудан әкімі Алмасбек Есмаханов Қарақұм беткейінде орналасқан елді мекендер мен мал шаруашылықтарына жұмыс сапарымен барып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайымен және мал шаруашылығы саласындағы бүгінгі ахуалмен танысты.
Сапар барысында аудан басшысы Қожақазған, Аққұдық, Тапа, Шилі, Шәкен және Шөлқұм елді мекендеріне арнайы барып, жергілікті тұрғындармен және шаруашылық иелерімен кездесті. Кездесулер ашық форматта өтіп, ауыл халқының күнделікті тұрмыс-тіршілігі мен шаруашылық жүргізу барысы жан-жақты талқыланды.
Аталған аймақ тұрғындарының негізгі кәсібі – мал шаруашылығы. Бүгінде аудан аумағында 200 мыңнан астам төрт түлік мал бар болса, соның шамамен 60 пайызы, яғни 120 мыңнан астам мал Қарақұм беткейіндегі шаруашылықтарда шоғырланған. Бұл өңірдің аудан экономикасындағы стратегиялық маңызын айқындайды.
Қазіргі таңда Қарақұм аймағында 235 шаруашылық мал өсірумен айналысып, ет және сүт өнімдерін өндіруге өз үлесін қосып отыр. Аудан әкімі шаруашылықтардың жұмысын көзбен көріп, мал басын көбейту, жайылымды тиімді пайдалану және өндірістік әлеуетті арттыру бағытындағы жұмыстармен танысты.
Кездесулер барысында тұрғындар тарапынан бірқатар өзекті мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, мал суару үшін су ұңғымаларын қазу қажеттілігі, су көздерінің тапшылығы, Байқоңыр ғарыш айлағына жақын орналасқан аумақтарда жабайы иттердің малға шабуылы, қасқырлардың пайда болу қаупі, сондай-ақ алдағы кезеңде шегіртке зиянкестерінің көбею ықтималдығы айтылды.
Шаруалар сонымен қатар инфрақұрылымдық мәселелерді де көтеріп, жайылымдық жерлерді тиімді пайдалану, ветеринарлық қызметтердің қолжетімділігін арттыру және мал өнімдерін өткізу тетіктерін жетілдіру бойынша ұсыныстарын жеткізді.
Аудан әкімі көтерілген барлық мәселелерді назарға алатынын айтып, олардың шешімі бойынша нақты шаралар қабылданатынын жеткізді. Осы орайда жауапты сала басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктелді.
Атап айтқанда, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі мен ветеринариялық инспекцияға және ветеринариялық станцияға мал басының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ветеринарлық бақылауды күшейту және аурулардың алдын алу шараларын жүйелі түрде жүргізу міндеттелді.
Сонымен қатар су тапшылығын азайту мақсатында мал суару ұңғымаларын қазу және қолданыстағы су көздерін кеңейту бағытында нақты ұсыныстар әзірлеу тапсырылды. Зиянкестерге қарсы күрес жұмыстарын күшейту, шегіртке мен басқа да ауыл шаруашылығы зиянкестерінің таралуының алдын алу шараларын ерте кезеңнен бастау қажеттігі де айтылды.
Бұдан бөлек аудандық полиция бөлімі мен жергілікті учаскелік полиция инспекторларына мал ұрлығының алдын алу, жайылымдық аумақтардағы бақылауды күшейту және құқық бұзушылықтардың жолын кесу бойынша жүйелі жұмыс жүргізу жүктелді.
Аудан әкімі ауыл шаруашылығы саласының аудан экономикасындағы рөліне тоқталып, мал шаруашылығын дамыту – өңірдің басты басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Осыған байланысты шаруалармен тығыз байланыс орнатып, олардың ұсыныс-пікірлерін тұрақты түрде ескеріп отыру қажеттігі айтылды.
Сапар қорытындысында Қарақұм өңіріндегі шаруашылықтарды дамыту, инфрақұрылымды жетілдіру және мал шаруашылығы саласының тұрақтылығын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты бақылауда болатыны жеткізілді.







