Аудан әкімі ауыл тұрғындарымен кездесті

40

Бүгін аудан әкімі Алмасбек Есмаханов қос батыр есімімен аталған Ақтан және Жанқожа батыр ауылдарының тұрғындарымен арнайы кездесу өткізді. Халықпен өткен бұл жиын елді мекендердің өзекті мәселелерін талқылауға және атқарылып жатқан жұмыстарды баяндауға арналды.

Кездесу барысында аудан басшысы ең алдымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформаларға тоқталып өтті. Сондай-ақ облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың жетекшілігімен өңірде қолға алынған ірі жобалар мен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған жұмыстар жөнінде кеңінен ақпарат берді. Аудан көлемінде инфрақұрылымды жаңғырту, халықтың тұрмыс сапасын арттыру және ауылдарды дамыту бағытындағы нақты нәтижелерге ерекше назар аударды.

Аудан әкімі өз сөзінде соңғы жылдары бюджет қаражаты есебінен аудан бойынша бірқатар стратегиялық маңызы бар жобалар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, Қарлан көпірінің құрылысы, Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл және Ү. Түктібаев ауылдарында орамішілік газ желілерін тарту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанын жеткізді. Сонымен қатар өткен жылы аудан халқының 100 пайыз таза ауыз сумен қамтамасыз етілуі – маңызды әлеуметтік жетістік ретінде ерекше атап өтілді.

Сондай-ақ биыл Әйтеке би кенті мен Қожабақы ауылында салынып жатқан спорт кешендерінің құрылысы аяқталуға жақын екенін айтып, аталған нысандардың жақын уақытта ел игілігіне берілетінін мәлімдеді. Облыс көлемінде жүзеге асып жатқан газдандыру бағдарламасы аясында биыл 10 ауылға газ желісі тартылса, соның 4-еуі Қазалы ауданына тиесілі екені де айтылды.

Кездесуде аудан басшысы Мемлекет басшысының «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы және жалпыұлттық референдум барысында аудан халқы көрсеткен бірлік пен ауызбіршілікке кеңінен тоқталды. Ол қоғамдағы тұрақтылық пен тазалық мәдениетін қалыптастыру – әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін атап өтіп, тұрғындарды қоғамдық жұмыстарға белсене қатысуға шақырды.

Жиын барысында ауыл тұрғындары өздерін толғандырған бірқатар мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, Семей сынақ полигонында әскери борышын өтеген азаматтарды әлеуметтік тұрғыдан қолдау, медициналық және әлеуметтік көмек көрсету, ауылдарда спорт кешендері мен балабақша салу қажеттігі сөз болды. Сонымен қатар жайылым және шабындық жерлердің жетіспеушілігі, суармалы жерлерді тиімді пайдалану мәселелері де көтерілді.

Аудан әкімі көтерілген ұсыныстарға нақты жауап беріп, бірқатар мәселелер кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді. Кәсіпкерлер тарапынан жеке балабақша ашу бастамалары қолдау табатынын, мұндай жобаларға жер телімдері заң талаптарына сәйкес берілетінін және мемлекет тарапынан тиісті қолдау көрсетілетінін атап өтті.

Сонымен бірге Жанқожа батыр ауылындағы электр желілерін жаңғырту жұмыстары алдағы жоспарға енгізілгенін, инфрақұрылымды жақсарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасатынын айтты. Жайылым және шабындық жерлерді суландыру мәселесі бойынша «Қазалысушар» өндірістік учаскесіне ауылдық округ әкімдері және ауыл шаруашылығы бөлімімен бірлесіп нақты жұмыс жүргізу тапсырылды.

Кездесу қорытындысында аудан әкімі тұрғындар тарапынан айтылған барлық ұсыныс-пікірлер назарға алынатынын, заң аясында зерделеніп, тиісті шешімдер кезең-кезеңімен қабылданатынын жеткізді. Халықпен ашық диалог форматындағы мұндай кездесулер алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатыны атап өтілді.

Advertisements