Аудан әкімі Нағи Ілиясов және Шаған ауылдарының тұрғындарымен кездесті

42

Қазақстан Республикасы Президентінің «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес аудан әкімі Берік Әбдіғаппарұлы Сәрменбаев Нағи Ілиясов және Шаған ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесті. Кездесуге облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, аудандық мәслихат депутаттары, дербес бөлім және сала басшылары қатысты.

Кездесу барысында ауыл тұрғындарына елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуы, жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобалар және алдағы кезеңге жоспарланған жұмыстар жөнінде кеңінен ақпарат берілді. Алдымен ауыл әкімдері сөз алып, өткен кезеңде атқарылған жұмыстарды баяндап, ауылдардың даму бағыттары мен алдағы жоспарларға тоқталды.

Жиында аудан әкімі өңірде жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы айтып, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, инженерлік және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, елді мекендерді абаттандыру бағытындағы жұмыстардың жүйелі түрде жалғасып жатқанын атап өтті.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру және ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту – негізгі басымдықтардың бірі. Бүгінде аудан көлемінде жол, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, инженерлік желілер мен абаттандыру бағытында бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Бұл жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасып, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасауға бағытталады, – деді аудан басшысы.

Кездесу барысында Нағи Ілиясов ауылдық округінде жүзеге асырылатын маңызды жобалардың бірі таныстырылды. Атап айтқанда, жеке тұрғын үйлер орналасқан жаңа аймақтарға инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізу және тас жол салу жобасы қолға алынбақ. Жоба аясында жаңа қоныстану аумақтарына қажетті инфрақұрылым тартылып, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға мүмкіндік жасалады.

Сонымен қатар, Шаған ауылындағы жол инфрақұрылымын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәлімет берілді. 2026 жылға аудандық бюджет есебінен ауыл көшелерін жөндеуге және жол салуға 114 миллион теңге қаржы бөлінген. Қазіргі таңда жалпы ұзындығы 3,5 шақырымнан асатын Мұратбаев, Тұйғынов, Омаров, Адаев және Аябек көшелеріне бірінші кезең бойынша қиыршық тас төсеу жұмыстары жүргізілуде. Аталған жұмыстарды мердігер мекеме – «Ақтоған» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқаруда.

Жол сапасын жақсарту бағытындағы бұл жұмыстар тұрғындардың қауіпсіз әрі қолайлы қозғалысын қамтамасыз етіп, ауыл ішіндегі көлік қатынасын жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Кездесу барысында ауыл шаруашылығы мен су шаруашылығы саласына қатысты атқарылып жатқан жұмыстар да назардан тыс қалған жоқ. Қызылорда облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты «Арна» мекемесінің қолдауымен «Жиделіарық» каналына қазу және тазалау жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар су өткізу қабілетін арттырып, ауыл шаруашылығы алқаптарын сумен қамтамасыз ету мәселесін жақсартуға оң әсерін тигізеді.

Жиын барысында тұрғындар тарапынан ауылішілік жолдар, коммуналдық қызметтер, абаттандыру, инженерлік инфрақұрылым және әлеуметтік мәселелерге қатысты сауалдар қойылып, ұсыныстар айтылды. Аудан әкімі көтерілген әрбір мәселе назарға алынатынын және олардың заң аясында кезең-кезеңімен шешімін табатынын жеткізді.

Кездесу соңында аудан басшысы тұрғындардың ұсыныс-пікірлері жергілікті атқарушы органдардың тұрақты бақылауында болатынын атап өтіп, елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту, халыққа қолайлы орта қалыптастыру және ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын айтты.

Мұндай кездесулер жергілікті тұрғындардың өзекті мәселелерін тыңдап, оларды шешу жолдарын нақтылауға, сондай-ақ халық пен билік арасындағы ашық диалогты нығайтуға мүмкіндік береді.

Advertisements