Аудан әкімі отан қорғаушылар күнімен құттықтады

Бүгін аудандық «Руханият» орталығында 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Мерекелік жиынға аудан әкімі Берік Әбдіғаппарұлы Сәрменбаев, Ұлы Отан соғысының ардагері, Қызылорда облысының Құрметті ардагері, Сырдария ауданының Құрметті азаматы Яхия Тасыров, ардагерлер, құқық қорғау органдары мен әскери құрылымдардың өкілдері, мекеме басшылары, жастар және аудан тұрғындары қатысты.


Салтанатты шара барысында аудан әкімі жиналған қауымды мерекемен құттықтап, ел тәуелсіздігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы Қазақстан Қарулы Күштерінің маңызды рөліне тоқталды. Сонымен қатар, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап мемлекет тарапынан қорғаныс саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінгенін атап өтті.
– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне басымдық берілді. Мемлекетіміздің шекарасы айқындалып, ұлттық Қарулы Күштер құрылды. Бүгінде Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамаларының арқасында қазақ әскері заман талабына сай жаңғырып, еліміздің айбынды қорғанына айналды. Құрлықта да, әуеде де, теңізде де мемлекетіміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қуатты әскери құрылым қалыптасты.
Мемлекет басшысы «Отан қорғау – қасиетті парыз әрі мәртебелі міндет. Әскери борышты өтеу – Отанға деген шынайы сүйіспеншіліктің жарқын көрінісі» деп атап өткен болатын. Бұл сөздер әрбір азаматтың ел алдындағы жауапкершілігін айқындайды. Сондықтан Отан қорғаушылар күні – тек әскери қызметкерлердің ғана емес, ел тыныштығы мен қауіпсіздігіне үлес қосып жүрген барлық азаматтардың мерекесі, – деді аудан әкімі.
Аудан басшысы өз сөзінде Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, Ауғанстан және басқа да әскери қақтығыстарға қатысқан жауынгерлерге, Чернобыль атом электр станциясы мен Семей ядролық полигоны зардаптарын жоюға қатысқан азаматтарға ерекше құрмет білдірді.
– Біз бүгін ерлік пен батылдықтың үлгісін көрсеткен барлық ардагерлер алдында тағзым етеміз. Олардың Отан алдындағы адал қызметі мен жанқиярлық еңбегі кейінгі ұрпақ үшін мәңгілік өнеге. Арамызда отырған Ұлы Отан соғысының ардагері, ғасыр жасаған қария, Қызылорда облысының Құрметті ардагері, Сырдария ауданының Құрметті азаматы Яхия Тасыров атамызға деген құрметіміз әрқашан ерекше. Ардагерлеріміздің ерлік жолы – тәуелсіздігіміздің берік негізі, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Мерекелік шара аясында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып, қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытып жүрген бірқатар азаматтар облыс және аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Сонымен қатар, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Жұмабек Алиев пен облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, подполковник Жасұлан Шанкулов құттықтау сөз сөйлеп, ел бірлігі мен қауіпсіздігін нығайту жолындағы азаматтардың еңбегіне жоғары баға берді.
Салтанатты жиында Ұлы Отан соғысының ардагері, Сырдария ауданының Құрметті азаматы Яхия Тасыровқа «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің «Құрмет белгісі» медалі табысталды. Сондай-ақ, тыл еңбеккерлері облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Іс-шара барысында ауданның өнерпаздары патриоттық әндер шырқап, көрермендерге арнайы концерттік бағдарлама ұсынды. Әскери-патриоттық тақырыптағы әндер мен көркем қойылымдар мерекелік кештің мазмұнын арттыра түсті.
Айта кетейік, мерекелік іс-шара аясында жастар мен оқушылардың қатысуымен Ұлы Отан соғысының ардагері Яхия Тасыровпен тағылымды кездесу ұйымдастырылды. Сонымен қатар, патриоттық бағыттағы көріністер қойылып, әскери тарих пен ел қорғаған батырлардың ерлігі насихатталған арнайы көрмелер көпшілік назарына ұсынылды.
Отан қорғаушылар күніне арналған тағылымды шара ел қорғаған ерлердің ерлігін ұлықтап, жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиетті қалыптастыруға бағытталды. Бейбіт өмір мен тәуелсіздіктің қадірін ұғындыруға арналған мерекелік жиын көпшілікке ерекше әсер сыйлады.







