Аудан әкімі жасөспірімдер қауіпсіздігіне арналған кеңейтілген мәжіліс өткізді

Бүгін Қазалы ауданында оқу жылының аяқталуы және жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуға байланысты кеңейтілген мәжіліс өтті.
Мәжіліске аудан әкімі Алмасбек Есмаханов, аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш, аудан прокуроры Мадияр Бекпанов, аудандық полиция бөлімінің бастығы Нұрлан Ибраев, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, мәслихат депутаттары, мекеме-кәсіпорын басшылары, кент, қала және ауылдық округ әкімдері, қоғамдық кеңес пен ардагерлер кеңесінің өкілдері, әйелдер кеңесінің төрағалары, ата-аналар комитетінің мүшелері, білім беру ұйымдарының басшылары және бітіруші сынып жетекшілері қатысты.
Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығында «Қауіпсіз қоғам: тәртіп, тәрбие, жауапкершілік» тақырыбымен өткен жиынға аудан әкімі Алмасбек Есмаханов төрағалық етіп, білім саласындағы өзекті мәселелер мен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарға тоқталды.
Аудан әкімі өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Білім мен тәрбие – қоғамның қос тұғыры» деген ұстанымын атап өтіп, жас ұрпақтың бойына жалпыұлттық құндылықтарды сіңірудің маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар отбасы, мектеп және ата-ана арасындағы үшжақты байланыстың үйлесімді жұмыс істеуі қажет екенін айтты.
Кеңейтілген мәжілісте аудан прокуроры Мадияр Бекпанов жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, қылмыстық жағдайларды төмендету және түнгі рейд жұмыстарын күшейту мәселелеріне назар аударды.
Мәжіліс барысында №170 мектептің ата-аналар комитетінің төрағасы Жеңісбек Аралбаев отбасы құндылықтары мен бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі туралы пікір білдірді.
Жиында оқу жылының аяқталуына байланысты соңғы қоңырау мен аттестат тапсыру іс-шараларын қауіпсіз өткізу, балалардың жазғы демалысын мазмұнды әрі қауіпсіз ұйымдастыру, интернетке тәуелділіктің алдын алу, су айдындарындағы қауіпсіздік және жол қозғалысы ережелерін сақтау мәселелері жан-жақты қаралды.
Сондай-ақ жазғы лагерьлердің дайындығы мен санитарлық талаптардың сақталуы, түнгі рейдтердің күшейтілуі бойынша жауапты сала басшыларының есептері тыңдалды.
Жиын соңында аудан әкімі талқыланған мәселелер бойынша нақты тапсырмалар беріп, олардың орындалуы салалық орынбасарлардың қатаң бақылауында болатынын ескертті.







