«Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру мәселелері талқыланды

Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Еркін Әбішевтің төрағалығымен арнайы жиын өтіп, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында өндірістік кооперативтерді дамыту және отбасының цифрлық картасындағы «D» және «E» санатындағы азаматтарды «С» санатына көшіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың барысы талқыланды.
Жиынға ауданның жауапты бөлім басшылары, қала, кент және ауылдық округ әкімдері, тиісті сала мамандары мен бағдарламаны іске асыруға қатысушы мекемелердің өкілдері қатысты. Басқосуда ауыл тұрғындарының табысын арттыруға, кәсіпкерлікті дамытуға және халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың тиімді жүзеге асырылу мәселелері жан-жақты қаралды.
Кездесуге арнайы қатысқан «Ауыл аманаты» жобасы аясында кооперативтік жобаларды жүзеге асыру және Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Өңірлік саясат жөніндегі жобалық кеңсенің Қызылорда облысы бойынша өңірлік менеджері Индира Ақжігітова бағдарламаның негізгі бағыттары мен жүзеге асырылу тетіктері туралы кеңінен түсіндіріп өтті.
Жиын барысында өндірістік кооперативтер құрудың тиімділігі, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және өңдеу бағытындағы мүмкіндіктер, сондай-ақ тұрғындарды тұрақты табыс көздерімен қамтамасыз ету жолдары талқыланды. Мамандар кооперативтік негізде жұмыс істеу ауыл тұрғындарының өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, өнім өткізудің жаңа нарықтарына шығуға және мемлекеттік қолдау шараларын тиімді пайдалануға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Сонымен қатар отбасының цифрлық картасы аясындағы жұмыстарға ерекше назар аударылды. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында цифрлық карта арқылы әрбір отбасының тұрмыс деңгейі сараланып, қолдау шаралары көрсетілуде. Осыған сәйкес «D» және «E» санатындағы әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарды кәсіпкерлікке тарту, жұмыспен қамту және табыс көздерін қалыптастыру арқылы «С» санатына көшіру бағытындағы жұмыстардың маңыздылығы айтылды.
Жиында аудан әкімінің орынбасары Еркін Әбішев мемлекеттік бағдарламалардың басты мақсаты халықтың әл-ауқатын арттыру екенін атап өтіп, жауапты мекемелердің бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізуі қажеттігін жеткізді.
– «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл тұрғындарының кәсіппен айналысуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және халықтың табысын арттыруға үлкен мүмкіндік береді. Сондықтан бағдарламаның әрбір бағыты бойынша нақты нәтижелерге қол жеткізуіміз қажет. Әсіресе цифрлық картадағы әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы отбасылармен жеке жұмыс жүргізіп, оларды мемлекеттік қолдау шараларына барынша тарту маңызды, – деді ол.
Кездесу барысында қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріліп, бағдарламаны жүзеге асыру барысында туындайтын мәселелер мен оларды шешу жолдары талқыланды. Сондай-ақ өндірістік кооперативтер құруға ниетті азаматтарға көрсетілетін қолдау тетіктері жөнінде жан-жақты түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Жиын қорытындысында «Ауыл аманаты» бағдарламасының мүмкіндіктерін халық арасында кеңінен насихаттау, өндірістік кооперативтерді дамыту жұмыстарын жандандыру және отбасының цифрлық картасындағы төмен санаттағы азаматтарды қолдау бағытындағы шараларды күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Осылайша, жиында ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту, кәсіпкерлікті дамыту және әлеуметтік осал топтарды қолдау мәселелері жан-жақты талқыланып, алдағы кезеңге арналған міндеттер айқындалды.







