Қазақстанда референдум алдында алаяқтар көбейіп, азаматтардан SMS код сұрап жатыр

19

Қазақстанда алаяқтар азаматтарды алдаудың жаңа тәсілін ойлап тапты. Олар телефон арқылы хабарласып, алдағы референдумға “бюллетеньді тіркеу” сылтауымен SMS арқылы келген кодты айтуды сұрап жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қазақстанда кейбір азаматтарға белгісіз адамдар телефон шалып, өзін ресми органдардың өкілі ретінде таныстырып, алдағы референдумға қатысу үшін “тіркеу қажет” екенін айтады. Осы сылтаумен олар SMS арқылы келген кодты сұрап, жеке деректерді алуға тырысады.

Сонымен қатар мессенджерлерде “онлайн дауыс беруге қатысушыларды тіркеу жүріп жатыр” деген мазмұнда жалған хабарламалар да таралып жатыр.

Дезинформацияға қарсы күрес орталығының мәліметінше, референдумға қатысты ешқандай телефон қоңыраулары, онлайн тіркеу немесе SMS-код сұрау рәсімі қарастырылмаған.

Ресми мәліметке сәйкес, референдум кезінде дауыс беру тек сайлау учаскелерінде қағаз бюллетень арқылы жүргізіледі.

Осыған байланысты мамандар азаматтарды сақ болуға шақырып, белгісіз адамдарға жеке мәліметтерін бермеуге кеңес береді. Сондай-ақ тұрғындарға тек сайлау комиссияларының ресми ақпараттарына ғана сену ұсынылды.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстандық әйел гүл жеткізу қызметінің жалған курьеріне алданып, 7,5 миллион теңгесінен айырылды. Ақтөбе тұрғыны мерекелер қарсаңында телефон алаяқтарының құрбаны болды. 26 жастағы қызға WhatsApp мессенджері арқылы хабарласып, әңгімелесуші өзін гүл жеткізу қызметінің курьері деп таныстырған. Алаяқ қыздан тапсырысты растау үшін телефонына келген кодты айтуын сұраған.

Advertisements