Қазалы аудандық мәслихатында бюджеттің орындалуы қаралды

Бүгін аудандық мәслихаттың жұмыс жоспарына сәйкес кезекті 56-сессия өтті. Оған аудан әкімі Алмасбек Есмаханов, Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі Бауыржан Пшанов, облыстық бағыныстағы мекеме басшылары, қала, кент және ауылдық округ әкімдері, сондай-ақ әкімдікке қарасты дербес бөлім басшылары қатысты. Сессияға аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш төрағалық етті.
Күн тәртібінде үш негізгі мәселе қаралды.
Бірінші мәселе – 2025 жылға арналған Қазалы ауданы бюджетінің атқарылуы. Бұл бойынша облыстық тексеру комиссиясының мүшесі Бауыржан Пшанов баяндама жасап, бюджет қаражатының игерілуі мен бағдарламалық мақсаттардың орындалуына оң баға берді. Аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Жарылқап Бахытжан Дүзелбайұлының есебі тыңдалып, депутаттар шешімімен 2025 жылғы аудандық бюджеттің атқарылуы бекітілді. Мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш қаржылық тәртіп пен анықталған кемшіліктерді қайталамау қажеттігін атап өтті.
Екінші мәселе – қала, кент және ауылдық округ бюджеттерінің орындалуы. Қазалы қаласы, Әйтеке би кенті және бірқатар ауылдық округ әкімдері өз есептерін ұсынып, бюджеттердің атқарылуы бекітілді.
Үшінші мәселе – тұрғын үй сертификаттарының мөлшері мен алушылар санаттарын айқындау. Бұл бағыттағы ұсынысты аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жасұлан Сыдықов таныстырды.
Сессия соңында аудан әкімі Алмасбек Есмаханов бюджет қаражатын тиімді пайдалану мәселесіне ерекше тоқталып, әрбір теңгенің мақсатты жұмсалуына жауапкершілікпен қарау қажеттігін ескертті. Ол құжат айналымының сапасы, қаржылық негіздемелердің толықтығы, есепшілердің біліктілігі және электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалану тәртібіне қатысты нақты талаптарды қатаң сақтау керек екенін айтты.
Сессия алдында тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысы өткізіліп, күн тәртібіндегі мәселелер жан-жақты талқыланды.






