Қазалы ауданында Аналар күніне арналған «Ұлттың ұйытқысы – ана» атты кездесу кеші өтті

30

Елімізде мамыр айының екінші жексенбісі – Аналар күні ретінде аталып өтеді. Осы мерекеге орай бүгін «Руханият» орталығында аудан әкімі Алмасбек Есмахановтың қатысуымен «Ұлттың ұйытқысы – ана» атты тағылымды кездесу кеші ұйымдастырылды.

Шараға ардақты аналар, көпбалалы батыр аналар, қыз-келіншектер, әр салада еңбек етіп жүрген нәзік жандылар мен қоғам белсенділері қатысты.

Кездесу барысында аудан әкімі барша аналарды Аналар күнімен және алда келе жатқан Халықаралық отбасы күнімен құттықтап, отбасы құндылығы мен ананың қоғамдағы орны туралы кеңінен тоқталды. Ол қазақ тарихындағы аналардың ерлігі мен парасатына тоқталып, ұлттық руханият пен тәрбие сабақтастығының маңызын атап өтті.

Сондай-ақ шарада ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген еңбекқор аналар мен қыз-келіншектерге құрмет көрсетіліп, көпбалалы аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» табысталды.

Мерекелік басқосуда аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш құттықтау сөз сөйлеп, аналардың қоғамдағы рөліне ерекше тоқталды. Аналар қауымы өзара пікір алмасып, отбасы тәрбиесі мен ұлттық құндылықтар жайлы ой бөлісті.

Шара соңында аудан өнерпаздары аналарға арналған әсем әндер орындап, мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Advertisements