Қазалы ауданында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті

Бүгін аудан орталығында тұрғындарды сапалы әрі қолжетімді азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Аталған шара Әйтеке би кентіндегі 5-квартал аумағында, №204 мектепке қарама-қарсы орналасқан ашық алаңда өтті.
Жәрмеңке аудан тұрғындары үшін әлеуметтік маңызы зор шаралардың бірі ретінде ұйымдастырылып, жергілікті тауар өндірушілер мен ауыл шаруашылығы құрылымдарының өнімдерін тікелей халыққа ұсынуға мүмкіндік берді. Іс-шараға ауданға қарасты қала, кент және ауылдық округтерден, сондай-ақ жергілікті өндірушілерден жалпы саны 23 автокөлікке тиелген 35 тоннаға жуық ауыл шаруашылығы өнімдері жеткізілді.
Сауда сөрелерінде негізгі азық-түлік түрлері кеңінен ұсынылды. Атап айтқанда, күріш, ет және сүт өнімдері, балық, картоп пен көкөніс өнімдері, сондай-ақ кондитерлік өнімдер тұрғындарға нарық бағасынан төмен құнымен сатылымға шығарылды. Бұл өз кезегінде халықтың тұрмыс-тіршілігіне қолдау көрсетуге және әлеуметтік маңызы бар тауарлардың қолжетімділігін арттыруға бағытталды.
Жәрмеңке барысында өнім сапасы мен бағасына ерекше назар аударылып, тұрғындар тарапынан жоғары сұраныс байқалды. Келушілер жергілікті өнімдердің сапасына оң бағасын беріп, мұндай шаралардың жиі ұйымдастырылуын қолдайтындарын жеткізді.
Іс-шараның өту барысын аудан әкімінің орынбасары Жалғас Сүйеубаев арнайы аралап көріп, сауда орындарының жұмысымен танысты. Ол сатушылармен және тұрғындармен пікірлесіп, мұндай жәрмеңкелердің әлеуметтік маңызы зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл бастама жергілікті өндірушілерді қолдауға және халықты қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жалпы, ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі аудан тұрғындары үшін тиімді алаңға айналып, жергілікті нарықтағы баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге және әлеуметтік қолдауды күшейтуге өз үлесін қосты.







