Қазалы: Мектеп бітіруші түлектермен кездесті

286

Бүгін Қазалы ауданында жас ұрпақтың жетістігін дәріптеген тағылымды кездесу өтті. Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов ауданның үздік мектеп бітіруші түлектерімен арнайы кездесіп, олардың білім жолындағы табыстарына жоғары баға берді. Аудан әкімдігінің мәжіліс залында ұйымдастырылған жиынға білім саласының ардагерлері, ұстаздар, ата-аналар және халықаралық, республикалық білім додаларында топ жарған дарынды жастар қатысты.

Кездесу барысында аудан басшысы мектеп бітіруші түлектерді үлкен өмірге қадам басуымен құттықтап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастарға әрдайым айрықша сенім артып келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар елімізде білім саласын дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар мен жастарға жасалып жатқан қолдауларға тоқталды.

– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Жастар – еліміздің тірегі, мемлекеттің стратегиялық ресурсы» деп ерекше атап өткен болатын. Бұл – сіздерге берілген үлкен сенім әрі зор жауапкершілік. Бүгін осы залда отырған әрбір жас – табандылық пен талаптың арқасында жетістікке жеткен үздік түлек. Сіздердің бүгінгі жеңістеріңіз – ұстаздардың қажырлы еңбегі мен ата-аналардың ақ тілегінің нәтижесі. Мемлекет басшысы өз Жолдауында білімді ұлт қалыптастырудың маңызын айрықша атап өтіп келеді. Қазіргі таңда елімізде жастардың сапалы білім алуына, жан-жақты дамуына барлық мүмкіндік жасалуда. Осы қолдауды тиімді пайдаланып, елдің өркендеуіне қызмет ететін білікті маман болуларыңыз қажет. Сіздерге алдағы Ұлттық бірыңғай тестілеуде жоғары нәтиже, жарқын болашақ пен биік белестер тілеймін, – деді аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы.

Жиында білім саласының ардагерлері де сөз алып, жас түлектерге ақжарма тілектерін жеткізді. «Ерен еңбегі үшін» медалінің және «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, ардагер ұстаз Ләззат Ізбасқан мен білім саласының ардагері Дөңес Мешітбай жастарға адал еңбек пен білімнің маңызын айтып, ел болашағы білімді ұрпақтың қолында екенін жеткізді.

Кездесу барысында халықаралық және республикалық деңгейдегі білім додаларында жоғары нәтиже көрсеткен дарынды оқушылар сөз сөйледі. Әлемнің беделді жоғары оқу орындарының грант иегері атанған №216 орта мектептің оқушысы Темірхан Бақдаулет, республикалық олимпиадалардың жеңімпазы Әмірхан Нұртөре және пәндік олимпиадалардың жүлдегері Жеткерген Ерасыл өздерінің жетістікке жету жолдары туралы айтып, қатарластарына мотивация берді. Олар білімге деген құштарлық пен үздіксіз ізденістің маңызын атап өтті.

Кездесу еркін форматта өтіп, жастар аудан басшысына өз ұсыныс-пікірлерін айтып, көкейлеріндегі сауалдарын қойды. Аудан әкімі түлектердің бастамалары мен болашақ жоспарларына қызығушылық танытып, мемлекет тарапынан жастарға әрдайым қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Жиын соңында аудан басшысы жас түлектерге сәттілік тілеп, туған елдің дамуына үлес қосатын білімді, бәсекеге қабілетті азамат болуға шақырды. Сонымен қатар үздік түлектермен естелік суретке түсіп, олардың алдағы өмір жолына ақ батасын берді.

Айта кетейік, биыл Қазалы ауданында 1015 оқушы мектеп бітіреді. Оның ішінде 99 түлек «Алтын белгіге», 116 түлек «Үздік аттестатқа» үміткер атанып отыр. Ал 943 мектеп бітіруші Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, білім бәйгесінде бақ сынауда.

Advertisements