Қазалы: Облыстық «Ерлік» үйлестіру кеңесінің төрағасымен кездесу өткізді

253

Қазалы ауданының әкімі Алмасбек Есмаханов облыстық «Ерлік» үйлестіру кеңесінің төрағасы Марат Орынбаймен және Ардагерлер одағының Тәжік-Ауған шекарасындағы жауынгерлік қимылдарына әрі әскери қақтығыстарына қатысушылардың Қазалы аудандық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Руслан Баймбетовпен кездесті.

Кездесу барысында аудан көлеміндегі Тәжік-Ауған шекарасындағы жауынгерлік қимылдарына және әскери қақтығыстарына қатысқан азаматтарды әлеуметтік қолдау, олардың отбасыларына көмек көрсету және қоғамдық ұйымдардың жұмысын жандандыру мәселелері кеңінен талқыланды.

Жиында облыстық «Ерлік» үйлестіру кеңесінің төрағасы Марат Орынбай ардагерлерге мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауға ризашылығын білдіріп, бірқатар ұсыныстарын жеткізді.

Атап айтқанда, Тәжік-Ауған шекарасындағы жауынгерлік қимылдарына қатысушы бірнеше азаматтың отбасыларына көгілдір отын тартуға әлеуметтік қолдау көрсету қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, ардагерлердің тұрмыстық жағдайын жақсарту, олардың әлеуметтік мәселелерін кезең-кезеңімен шешу және қоғамдық ұйымдардың белсенділігін арттыру бағытындағы мәселелер көтерілді.

Өз кезегінде аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы ардагерлерге құрмет көрсету – мемлекет саясатының маңызды бағыттарының бірі екенін айтты.

– Ел тыныштығы мен қауіпсіздігі жолында қызмет еткен азаматтарға әрдайым қолдау көрсетіледі. Ардагерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту, оларға қажетті көмек беру мәселелері назардан тыс қалмайды. Бүгін көтерілген ұсыныстар кезең-кезеңімен қарастырылып, заң аясында тиісті жұмыстар жүргізілетін болады, – деді аудан әкімі.

Сондай-ақ аудан басшысы салаға жауапты орынбасарына ардагер отбасыларына көгілдір отын кіргізу жұмыстарын үйлестіру бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.

Кездесу барысында қоғамдық бірлестіктің алдағы жұмыс жоспары, ардагерлердің ұсыныс-пікірлері және өзге де әлеуметтік мәселелер төңірегінде пікір алмасу болды.

Жиын соңында қатысушылар елге қызмет еткен азаматтарға құрмет көрсету, олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту және қоғамдық ұйымдардың жұмысын қолдау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.

Advertisements