Қазалыда ардагерлер арасында спорттық турнир өтті

28

Бүгін Қазалы ауданында Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі және «AMANAT» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында ардагерлер арасында шағын футбол мен үстел теннисінен аудандық жарыс ұйымдастырылды. Спорттық шара ел бірлігін нығайтуға, салауатты өмір салтын насихаттауға және ардагерлер арасындағы достық байланысты күшейтуге бағытталды.

Жарысқа Байқоңыр қаласы, Арал және Қазалы аудандарынан, сондай-ақ Алматы мен Астана қалаларынан арнайы келген жерлес азаматтардан құралған командалар қатысты. Барлығы 70-ке жуық ардагер спортшы спорттық додада өзара бақ сынасты.

Турнир аудан орталығындағы «Әмір арена» спорт кешенінде өтті. Ашылу салтанатына аудан әкімі Алмасбек Есмаханов қатысып, мереке қарсаңында ұйымдастырылып отырған бұл бастаманың мән-маңызына тоқталды. Ол әр өңірден жиналған ардагерлердің бірлік пен ынтымақты дәріптеп, туған жерге деген құрметті арттырып отырғанын ерекше атап өтті.

Аудан басшысы өз сөзінде бұл жарыстың тек спорттық бәсеке ғана емес, ел бірлігін, достықты, бауырмалдықты және туған жерге деген перзенттік сүйіспеншілікті айқындайтын тағылымды шара екенін жеткізді. Сондай-ақ ол қатысушыларға сәттілік тілеп, турнирдің жоғары деңгейде өтуіне тілектестік білдірді.

Шара барысында ҰҚК-нің зейнеткер полковнигі, ардагер спортшы Ислам Бекішов сөз сөйлеп, қатысушыларға ақжол тіледі және мұндай жарыстардың ардагерлер үшін маңызы зор екенін атап өтті.

Айта кетейік, ардагерлер арасында футбол, үстел теннисі, волейбол, бильярд сияқты спорт түрлерінен жарыстар еліміздің Астана, Алматы, Тараз, Қапшағай, Байқоңыр, Қостанай қалаларында дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Қазалы ауданында да мұндай спорттық шаралар 2015–2018 жылдары тұрақты ұйымдастырылған болатын.

Бүгінде аудан аумағында ардагерлер спорты қайта жанданып, тәжірибелі спортшылардың басын қосатын игі дәстүр жалғасын тауып отыр. :::

Advertisements