Қазалыда «Көк байрағым, желбіре!» атты композиторлар фестивалі өтті

26

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай Қазалы ауданында Қазақстан Композиторларының «Көк байрағым, желбіре!» атты фестиваль-концерті жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Тағылымды кеш Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығында өтіп, ел руханиятын дәріптеген маңызды мәдени шаралардың біріне айналды.

Ауқымды концертке Қазақстан Композиторлар Одағының құрметті төрағасы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Балнұр Балғабекқызы, ҚР Композиторлар Одағы басқарма мүшесі, «Мәдениет қайраткері», Қазалы ауданындағы Қорқыт Ата атындағы өнер мектебінің директоры, аудандық мәдениет орталығы жанындағы «Мырза» халық аспаптар оркестрі мен «Қорқыт сазы» ансамблінің көркемдік жетекшісі Сәукен Әлмамбетұлы, сондай-ақ халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты, облыстық филармония жанындағы Тұрмағанбет атындағы халық аспаптар оркестрінің бас дирижері Руслан Серікқалиұлы қатысты.

Фестиваль барысында «Мырза» халық аспаптар оркестрі композиторлардың таңдаулы туындыларын көрермен назарына ұсынды. Концерттік бағдарламада ұлттық музыка өнерінің көркем үлгілері орындалып, қазақ руханиятының терең тамыры мен кең тынысы айқын көрініс тапты.

Кеш барысында «Бөрілі менің байрағым», «Ақтайлақ», «Концерттік вальс», «Алтай – Атырау арасы», «Туған жерім – Күреңбел», «Қырғыз күй», «Сыр шертпе», «Қазақ елі» толғауы, «Дала үні», «Ұлы дала қыпшақтары» сынды көркем шығармалар орындалып, қазалылық көрерменге ерекше рухани әсер сыйлады. Әр туынды ұлттық болмысты, елдік рухты және тәуелсіздік идеяларын тереңнен толғаған мазмұнымен ерекшеленді.

Фестиваль-концерт барысында көрермен қазақ композиторларының кәсіби шеберлігі мен ұлттық өнердің биік деңгейіне куә болып, орындаушыларға зор қошемет көрсетті. Музыкалық кеш елдік рухты асқақтатып, тәуелсіздік құндылығын насихаттауға бағытталған мазмұнды мәдени оқиғаға айналды.

Кеш соңында аудан әкімі Алмасбек Есмаханов сөз сөйлеп, қасиетті Қазалы топырағында Тәуелсіздіктің 35 жылдығына орай ұйымдастырылған осындай мазмұнды мәдени шараның маңыздылығына тоқталды. Ол ұлттық өнерді дәріптеп, рухани құндылықтарды ұлықтауға үлес қосқан ұйымдастырушыларға және «Мырза» халық аспаптар оркестрінің ұжымына аудан жұртшылығы атынан алғыс білдірді.

Сонымен қатар аудан әкімі Балнұр Балғабекқызына аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың «Алғыс хатын» табыстап, қазақы дәстүрге сай иығына камзол мен жаулық жауып, құрмет көрсетті. Бұл рәсім ұлттық мәдениетке деген ілтипат пен шығармашылық еңбекті бағалаудың жарқын көрінісі болды.

Сондай-ақ Сәукен Әлмамбетұлы мен кештің бас дирижері Руслан Серікқалиұлы да көрермен тарапынан ерекше ықыласқа бөленіп, олардың кәсіби еңбегі мен өнерге қосқан үлесі жоғары бағаланды.

«Көк байрағым, желбіре!» фестиваль-концерті – еліміздің ең қастерлі құндылығы саналатын Тәуелсіздіктің 35 жылдығына арналған маңызды рухани шара ретінде ұлттық өнердің мәңгілігін, елдік мұрат пен рухани тұтастықты айшықтаған тағылымды кеш болды.

Advertisements