Қазалыда Ұлттық кітап және кітапханашылар күні кең көлемде аталып өтті

26

Биылдан бастап елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен кітап саласының мәртебесін арттыру мақсатында Кітапханашылар күні жаңа форматта аталып өтуде. Осыған сәйкес 23 сәуір ресми түрде Ұлттық кітап және кітапханашылар күні болып белгіленіп, еліміздің түкпір-түкпірінде руханият мерекесіне арналған ауқымды шаралар ұйымдастырылуда.

Осыған орай бүгін Қазалы ауданында атаулы мерекеге арналған «Кітап – көңілдің кілті, ойдың шырағы» атты мерекелік кеш пен «Кітап Fest – 2026» фестивалі жоғары деңгейде өткізілді. Аудан тұрғындары мен жастардың, кітапсүйер қауымның басын қосқан тағылымды шара Руханият орталығының алаңында ұйымдастырылып, кітап пен оқудың қоғамдағы маңызын насихаттауға арналды.

Мерекелік шараға аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетов қатысып, кітапхана қызметкерлерін, ардагер кітапханашыларды және оқырмандарды атаулы мерекемен құттықтады. Ол өз сөзінде Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде руханият саласына ерекше қолдау көрсетіліп жатқанын атап өтіп, Сыр өңірінде жүзеге асырылып жатқан мәдени жобаларға тоқталды.

– Бүгінде қасиетті Сыр өңірінде руханият пен мәдениет саласының дамуына ерекше мән берілуде. Соңғы жылдары облыс көлемінде көптеген мәдени нысандар салынып, халық игілігіне пайдалануға берілді. Барлық аудандарда кітапхана, музей, архив, жастар сарайы, ардагерлер мен аналар үйі біріктірілген заманауи «Руханият орталықтары» ашылып, тұрғындардың мәдени өміріне тың серпін берді.

Сонымен қатар облыс орталығында «Өнер орталығы», «Анаға тағзым» орталығы, «Отбасы орталығы», «Оқушылар сарайы» секілді маңызды нысандар бой көтерді. Қызылорданың Қазақ елінің астанасы болғанына 100 жыл толуына орай облыстық тарихи-өлкетану музейінің жаңа ғимараты пайдалануға берілсе, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған жаңа «Достық үйі» салынды.

Кеше ғана облыс орталығында жаңа заманауи драма театрының іргетасы қаланып, өңір мәдениетінің жаңа кезеңіне жол ашылды. Ал Мемлекет басшысының тапсырмасымен Астана және Алматы қалаларындағыдай тәулік бойы қызмет көрсететін үшінші Президенттік кітапхананың Қызылорда қаласында ашылуы жоспарланып отыр. Бұл – өңір руханияты үшін тарихи маңызы бар бастама. Мұның барлығы мемлекет тарапынан мәдениет пен руханиятқа көрсетіліп отырған зор қолдаудың айқын көрінісі, – деді Дәурен Оңғарбайұлы.

Мерекелік кеш барысында аудан кітапханаларының дамуына үлес қосып, көпшілікке сапалы қызмет көрсетіп жүрген бірқатар кітапхана қызметкерлері аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Олардың кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, жас ұрпақты білім мен руханиятқа баулу бағытындағы еңбектері ерекше атап өтілді.

Шара аясында қонақтар мен тұрғындар «Рухани жаңғыру және кітап» атты оқырмандардың қолөнер көрмесін тамашалады. Көрмеде кітаптан шабыт алған шығармашылық жұмыстар, ұлттық қолөнер бұйымдары мен оқырмандардың авторлық туындылары ұсынылды.

Мерекелік бағдарлама әрі қарай «Әдебиет – өмір айнасы» атты ашық аспан астындағы әдеби оқулар кешімен жалғасты. Бұл алаңда жас оқырмандар мен әдебиет жанашырлары қазақ ақын-жазушыларының шығармаларынан үзінділер оқып, поэзия мен прозаның көркем әлеміне саяхат жасады.

Сонымен қатар мереке аясында аудан кітапханаларында кітап көрмелері ұйымдастырылып, кітап әлеміне арналған интеллектуалдық ойындар өткізілді. Оқырмандардың білімін шыңдауға бағытталған түрлі танымдық байқаулар мен әдеби кездесулер көпшілік тарапынан үлкен қызығушылық тудырды.

«Кітапхана – руханият ордасы» атты мерекелік кеште кітаптың адам өміріндегі орны, кітапхананың қоғамдағы рөлі мен маңызы кеңінен насихатталды. Жастарды кітап оқуға баулу, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және рухани дамуға үндейтін іс-шаралар мерекенің мазмұнын байыта түсті.

Ұлттық кітап және кітапханашылар күніне арналған мерекелік шаралар аудан тұрғындарына ерекше әсер сыйлап, кітапқа деген құрмет пен оқуға деген қызығушылықты арттыруға бағытталған маңызды рухани мерекеге айналды.

Advertisements