Қазалыда тоғызқұмалақтан республикалық турнир басталды

36

Қазалы ауданында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосқан азамат, «Құрмет белгісі» орденінің иегері, еңбек ардагері Жалпақбай Нұрмағамбетовті еске алуға арналған жасөспірімдер арасындағы республикалық турнир өз жалауын көтерді.

Бүгін аудан орталығындағы Қазалы спорт кешенінде өткен республикалық турнирдің ашылу салтанатына аудан әкімі Алмасбек Есмаханов қатысып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, ұлттық спорттың маңыздылығына тоқталды.

  • Ұлттық рухымызды ұлықтап, атадан балаға мирас болып келе жатқан тоғызқұмалақ ойынын насихаттауға бағытталған бұл дүбірлі дода – өскелең ұрпақты парасаттылыққа, сабыр мен зеректікке тәрбиелейтін маңызды шаралардың бірі. Биылғы турнирдің мәні мен маңызы ерекше. Бұған дейін екі мәрте облыстық деңгейде ұйымдастырылған жарыс биыл алғаш рет республикалық деңгейде өткізіліп отыр. Бұл – Жалпақбай Нұрмағанбетұлының өнегелі өмірі мен елге сіңірген еңбегіне көрсетілген зор құрметтің айқын көрінісі.

Жалпақбай Нұрмағанбетұлы – туған жерінің өсіп-өркендеуіне бар ғұмырын арнаған тағылымы мол тұлға. Ол еңбек жолын қарапайым мұғалім болып бастап, кейін аудандық оқу бөлімінің инспекторы, мектеп директоры, партия комитетінің нұсқаушысы, шаруашылық басшысы секілді жауапты қызметтерді абыроймен атқарып, ел сенімін ақтаған азамат ретінде танылды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласының дамуына да зор үлес қосып, егін шаруашылығы мен мал шаруашылығын дамыту ісінде үлкен еңбек сіңірді.

Аудан әкімі өз сөзінде мемлекет тарапынан спорт инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті. Соңғы жылдары өңірде жаңа спорт нысандары салынып, бұқаралық спортты дамытуға кең мүмкіндік жасалып жатқанын жеткізді.

  • Президентіміздің қолдауымен елімізде спортты дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Соның нәтижесінде ауданымызда да бірқатар маңызды жобалар іске асуда. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Бекарыстан би ауылында жаңа спорт кешені пайдалануға берілсе, бүгінде Әйтеке би кенті мен Қожабақы ауылында заманауи спорт кешендерінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Сонымен қатар биыл аудан орталығында 2 спорт алаңы жаңғыртылып, жаңадан 2 спорт алаңы салынды. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табады, – деді аудан әкімі.

Сондай-ақ аудан басшысы аталған турнирдің ұйымдастырылуына атсалысқан азаматтарға, Жалпақбай Нұрмағанбетұлының ұрпақтарына, демеушілерге және спорт жанашырларына аудан тұрғындары атынан алғыс білдіріп, жарыстың жоғары деңгейде өтуіне тілектестік білдірді.

Мұнан кейін Жалпақбай Нұрмағанбетұлының ұрпақтарына облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетовтің құттықтау хаты табысталды.

Жиын барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекпанов, энергетика саласының ардагері Батыржан Қаракөзов, облыстық тоғызқұмалақ зияткерлік федерациясының вице-президенті, әлем чемпионы, Қазақстанға еңбегі сіңген спорт шебері Хәкімжан Елеусінов және марқұмның туыстары атынан Светлана Жалпақбайқызы сөз сөйлеп, естеліктерімен бөлісті.

Ұлттық спорт – тоғызқұмалақтан жасөспірімдер арасындағы республикалық турнирге еліміздің Ақмола, Қостанай, Ақтөбе және Қызылорда облыстарынан, сондай-ақ барлық аудандардан келген 160-қа жуық спортшы қатысуда. Алты күнге созылатын жарыс барысында жас зияткерлер өзара бақ сынап, ұлттық ойынның дамуына үлес қосатын болады.

Жарыс қорытындысында үздік ойыншылар арнайы дипломдармен, медальдармен және демеушілер тарапынан бағалы сыйлықтармен марапатталатын болады.

Advertisements