Бекарыстан би ауылында майдангер Смағұл Қабақты еске алуға арналған шахмат турнирі өтті

39

Бүгін Бекарыстан би ауылындағы спорт кешенінде Еңбек және Соғыс ардагері, Қазалы ауданының құрметті азаматы, «Мерейлі отбасы» республикалық байқауының жеңімпазы, ғасыр жасаған майдангер Смағұл Қабақты еске алуға арналған шахматтан аудандық ашық турнир ұйымдастырылды.

Тағылымды шараға аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетов қатысып, жарысқа жиналған спортшылар мен қонақтарды Ұлы Жеңіс күні мерекесімен және турнирдің ашылуымен құттықтады. Ол өз сөзінде Смағұл Қабақтың майдан даласындағы ерлігі мен бейбіт өмірдегі ел дамуына қосқан зор үлесін атап өтті.

Шара барысында Қазалы ауданының Құрметті азаматы, медицина саласының ардагері Құлпыбай Ысқақов, майдангердің ұрпақтары және басқа да құрметті қонақтар сөз сөйлеп, ізгі тілектерін білдірді. Сонымен қатар медицина саласының ардагері Сержан Берденұлы жарыстың жоғары деңгейде өтуіне сәттілік тілеп, батасын берді.

Турнирдің ашылу салтанаты ұлттық нақыштағы мәдени бағдарламаға ұласып, қатысушы командалар көпшілікке таныстырылды. Шара барысында айтыскер ақын, «Күміс домбыра» иегері Бексұлтан Орынбасаров арнайы арнау айтып, жиынға ерекше рухани серпін берді.

Ашық турнирге Қызылорда облысының барлық аудандарынан келген 100-ге жуық шахматшы қатысуда. Үшінші рет дәстүрлі түрде ұйымдастырылып отырған жарыс ертеңге дейін жалғасады.

Смағұл Қабақ 1923 жылы Қазалы ауданының Бекарыстан би ауылында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысына қатысып, майданда жараланып елге оралған. Бейбіт кезеңде туған жердің дамуына елеулі үлес қосып, білім және қаржы салаларында ұзақ жылдар абыройлы еңбек етті. Зайыбы Күлжахан апамен бірге 10 бала тәрбиелеп, берекелі әулеттің тірегіне айналды. 2023 жылы «Мерейлі отбасы» республикалық байқауының жеңімпазы атанып, ел құрметіне бөленді. Ардагер «Қызыл Жұлдыз», ІІ және ІІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен және бірқатар мерекелік медальдармен марапатталған.

Advertisements