Бесарық, Қоғалыкөл және Шіркейлі ауылдарында аудан әкімінің тұрғындарымен кездесу өтті

44

Қазақстан Республикасы Президентінің «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» №826 Жарлығына сәйкес аудан әкімі Берік Әбдіғаппарұлының кент және ауылдық округ тұрғындарымен тұрақты кездесулері жалғасуда. Бүгінгі кезекті кездесу Бесарық, Қоғалыкөл және Шіркейлі ауылдық округтерінде өтіп, оған аудандық мәслихат депутаттары, дербес бөлім басшылары мен тиісті сала жетекшілері қатысты.

Кездесу барысында аудан басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобалар және алдағы кезеңге жоспарланған жұмыстар туралы жан-жақты баяндады. Сонымен қатар, елді мекендердің әлеуетін арттыруға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысына тоқталып, тұрғындарды толғандырған мәселелердің шешілу жолдарын түсіндірді.

Аудан әкімі өз сөзінде Мемлекет басшысының халық үніне құлақ асатын мемлекет қағидатын іске асыру жөніндегі тапсырмаларына ерекше тоқталды.

– Халықпен ашық әрі тұрақты кері байланыс орнату – біздің басты міндетіміздің бірі. Әрбір ауылдың өзекті мәселелері кезең-кезеңімен шешімін табуы қажет. Тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасатын болады. Халықтың ұсыныстары мен пікірлері әрдайым назарда болады және олардың негізінде нақты шаралар қабылданады, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Бүгінде аудан көлемінде елді мекендердің инженерлік-инфрақұрылымдық әлеуетін күшейту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Соның ішінде тұрғындарды табиғи газбен қамтамасыз ету мәселесі кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Атап айтқанда, Қоғалыкөл ауылын газдандыру жұмыстарын бастау үшін 320 миллион теңге қаржы бөлініп, қажетті дайындық жұмыстары жүргізілуде. Ал Шіркейлі ауылын газдандыру жобасының алғашқы кезеңін іске асыруға 400 миллион теңге қарастырылып, тиісті ұйымдастыру шаралары қолға алынған.

Аталған жобалардың жүзеге асырылуы ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға, коммуналдық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл бастамалар ауылдардың инвестициялық тартымдылығын арттырып, тұрғындар үшін қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға ықпал етеді.

Кездесу барысында тұрғындар өздерін толғандырған бірқатар мәселелерді көтеріп, ауылішілік жолдар, абаттандыру, ауыз су, электр желілері, әлеуметтік нысандардың жұмысы және басқа да өзекті тақырыптар бойынша ұсыныс-пікірлерін білдірді. Аудан басшысы әрбір сұраққа жеке тоқталып, заң аясында түсіндірме берді.

Сапар аясында Берік Әбдіғаппарұлы азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Көтерілген мәселелер бойынша жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар беріліп, олардың орындалуы бақылауға алынатыны атап өтілді.

Мұндай кездесулер халық пен жергілікті атқарушы билік арасындағы өзара байланысты нығайтып, елді мекендердегі өзекті мәселелерді дер кезінде анықтап, тиімді шешім қабылдауға мүмкіндік береді.

Advertisements