«Болмаған балалық шақ» қойылымы қазалылық көрерменнің жүрегінен орын алды

Бүгін Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығында Нартай Бекежанов атындағы облыстық академиялық музыкалық драма театрының гастрольдік сапары аясында жазушы Ақберген Елгезектің шығармасы негізінде сахналанған «Болмаған балалық шақ» атты тағылымы терең қойылымы көпшілік назарына ұсынылды.
Рухани мазмұны бай, тәрбиелік мәні зор спектакльді қазалылық көрермен ерекше ықыласпен қабылдап, театр әртістерінің кәсіби шеберлігіне жоғары бағасын берді. Көрермен қауым қойылым барысында сахнадағы оқиғалармен бірге толғанып, кейіпкерлер тағдырына ортақтасып отырды.
Қойылым алдында өткен салтанатты кездесуде аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетов сөз сөйлеп, театр ұжымына аудан әкімі Алмасбек Есмахановтың ыстық ықыласы мен алғысын жеткізді.
– Өнер мен мәдениеттің алтын бесігі саналатын, тарихы мен тағылымы мол Қазалы жеріне қош келдіңіздер! Сіздердің ауданымызға арнайы гастрольдік сапармен келіп, көрермен қауымға «Болмаған балалық шақ» секілді мазмұны терең әрі тәрбиелік мәні жоғары қойылымды ұсынуларыңыз – өңіріміздің мәдени өміріндегі айтулы оқиға.
Театр – халықтың рухани айнасы. Сахна арқылы қоғамдағы өзекті мәселелер көтеріліп, адам тағдыры мен өмір шындығы көркем түрде бейнеленеді. Бүгінгі қойылым да көрерменге үлкен ой салып, адамгершілік құндылықтарды дәріптеуге бағытталған маңызды туынды деп білеміз.
«Болмаған балалық шақ» – тағдырдың ауыр сынағына тап болған баланың өмір жолын суреттеу арқылы қоғамдағы маңызды мәселелерді қозғайтын шығарма. Мұндай қойылымдар жас ұрпақтың бойында мейірім, жанашырлық, төзімділік пен адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруда ерекше рөл атқарады.
Нартай Бекежанов атындағы театр – Сыр өңірінің ғана емес, қазақ мәдениеті мен өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан шығармашылық ұжым. Сіздердің ұлттық өнерді дәріптеу жолындағы еңбектеріңіз қашанда құрметке лайық. Алдағы уақытта да көрермендерді мазмұнды әрі тағылымды қойылымдармен қуанта бересіздер деп сенеміз. Қазалы жұртшылығының ықыласы мен құрметі әрдайым сіздермен бірге, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Қойылым барысында тағдырдың ауыр тауқыметін ерте тартқан баланың жан дүниесі, оның өмір жолындағы қиындықтары мен ішкі күйзелістері әсерлі әрі шынайы бейнеленді. Спектакль көрерменге балалық шақтың қадірін, отбасы жылуының маңызын және адам өміріндегі мейірім мен қамқорлықтың орнын терең сезіндірді.
Терең психологиялық иірімдерге құрылған туындыда кейіпкерлердің жан әлемі нанымды ашылып, көрерменді өмір туралы ойлануға жетеледі. Әр көрініс адам тағдырының күрделі тұстарын көрсетіп қана қоймай, қандай қиындық болса да үміт пен сенімнен айырылмаудың маңызын ұғындырды.
Спектакльдің режиссерлік шешімі, актерлердің шынайы ойыны, сахналық көркемдеу мен музыкалық сүйемелдеуі қойылымның әсерін күшейтіп, көрермен көңілінен шықты. Әсіресе басты кейіпкердің тағдырын бейнелеген актерлердің шеберлігі көпшіліктің ерекше ықыласына бөленді.
Қойылым аяқталғаннан кейін көрермендер театр әртістерін ұзақ уақыт қол соғып құрмет көрсетіп, шығармашылық ұжымға алғыстарын білдірді. Нартай Бекежанов атындағы облыстық академиялық музыкалық драма театрының өнерпаздары қазалылықтардың ыстық ықыласы мен зор қошеметіне бөленіп, рухани байланыстың жарқын көрінісін көрсетті.
Осындай тағылымды қойылымдар арқылы ұлттық театр өнері көрерменмен қауышып, рухани құндылықтарды дәріптеу ісі жалғаса бермек.







