Чернобыль апатының қаһармандарына құрмет көрсетілді

30

Бүгін Қазалы мәдени-демалыс кешеніндегі «Тағзым» алаңында Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың аяқталғанына 40 жыл толуына орай апат салдарын жоюға қатысқан азаматтарды еске алу және олардың ерлігін ұлықтау шарасы өтті.

Тағылымды іс-шараға аудан әкімі Алмасбек Есмаханов, аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш, аудан ардагерлері, Чернобыль апатының салдарын жоюға қатысқан қазалылық азаматтар, қоғамдық ұйым өкілдері мен жастар қатысты.

Шара «Чернобыль» апаты құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Жиналған қауым апат салдарын жою барысында өмірден өткен азаматтарды бір минут үнсіздікпен еске алып, құран бағыштады.

Еске алу жиынында аудан әкімі Алмасбек Есмаханов сөз сөйлеп, адамзат тарихындағы ең ірі техногендік апаттардың бірі саналатын Чернобыль қасіретінің зардаптарына тоқталды. Сондай-ақ сол кезеңде адам өмірі мен қоршаған ортаны сақтап қалу жолында жанқиярлық танытқан азаматтардың ерлігі ешқашан ұмытылмайтынын атап өтті.

– Осыдан 40 жыл бұрын, 1986 жылдың 26 сәуірінде Украина жеріндегі Чернобыль атом электр станциясының төртінші энергоблогында жойқын жарылыс орын алып, әлемдік деңгейдегі экологиялық және гуманитарлық апатқа ұласты. Апат салдарынан атмосфераға тараған радиация миллиондаған адамның денсаулығына қауіп төндіріп, көптеген аумақтарды ұзақ жылдарға жарамсыз күйге түсірді.

Сол қиын кезеңде мыңдаған азаматтар өз өмірлерін қатерге тігіп, апат салдарын жою жұмыстарына жұмылдырылды. Олардың арасында Қазақстаннан барған азаматтар да болды. Жалпы елімізден 32 мыңға жуық адам Чернобыль апатының зардаптарын жоюға қатысса, олардың қатарында Қазалы өңірінен аттанған 25 азамат бар.

Бұл – үлкен ерліктің, жоғары жауапкершілік пен отансүйгіштіктің жарқын үлгісі. Бүгінде ауданымызда Чернобыль апатының салдарын жоюға қатысқан 16 ардагер ортамызда өмір сүріп келеді. Біз олардың қайсарлығы мен жанқиярлығын әрдайым құрметтеп, кейінгі ұрпаққа үлгі етуіміз керек.

Бүгінгі басқосу – тек еске алу шарасы ғана емес, бұл – ерлікке тағзым ету, тарих алдындағы парызымызды орындау және бейбіт өмірдің қадірін ұғыну күні. Чернобыль қаһармандарының есімі халық жадында мәңгі сақталады. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, – деді аудан әкімі.

Жиын барысында аудан басшысы Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарын жоюға қатысқан бірқатар азаматтарға Чернобыль апатының 40 жылдығына арналған арнайы мерейтойлық төсбелгілерді табыстап, олардың ел алдындағы еңбектеріне ризашылығын білдірді.

Марапаттау рәсімі ардагерлерге көрсетілген құрметтің белгісі ретінде ерекше әсер қалдырды. Жиынға қатысушылар олардың ерлігін үлгі етіп, апат салдарын жою жолында көрсеткен батылдығы мен табандылығына алғыстарын жеткізді.

Шара соңында Чернобыль апатының салдарын жоюға қатысқан ардагер Жарылқасын Құрманов сөз сөйлеп, сол кезеңдегі ауыр күндерді еске алды. Ол радиацияның зардабымен күрескен азаматтардың бастан өткерген қиындықтары туралы айтып, бейбіт өмірдің қадірін бағалауға шақырды.

Ардагер өз сөзінде бүгінгі ұрпақтың ел тәуелсіздігін, қоғам тұрақтылығын және бірлікті сақтаудағы жауапкершілігіне тоқталып, жастарға патриоттық тәрбие берудің маңызын атап өтті. Сонымен қатар елге тыныштық, халыққа амандық пен береке тіледі.

Тағылымды шара барысында қатысушылар Чернобыль апатының адамзат тарихындағы орны мен оның сабақтары туралы ой бөлісіп, ерлік пен жауапкершіліктің үлгісін көрсеткен азаматтарға құрмет көрсетті.

Осындай іс-шаралар арқылы тарихи оқиғалар ұмыт қалмай, ел үшін жанын тәуекелге тіккен азаматтардың ерлігі кейінгі ұрпаққа насихатталып, олардың есімі халық жадында мәңгі сақтала бермек.

Advertisements