Екіжақты ынтымақтастыққа жаңа серпін: Қызылорда облысы мен Қытай өңірлері арасындағы байланыс нығаюда

12

Мемлекет басшысының инвестиция тарту, өндірісті дамыту және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Қызылорда облысында шетелдік серіктестермен өзара тиімді байланыстарды дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осы ретте облыс әкімінің орынбасары А. Зебешев бастаған делегацияның Қытай Халық Республикасына жасаған жұмыс сапары маңызды қадамдардың бірі болды.

2026 жылғы 27–29 сәуір аралығында өткен іссапар барысында делегация Бейжің, Далянь және Чанчунь қалаларында болып, жоғары деңгейдегі кездесулер өткізді. Кездесулер аясында бірқатар стратегиялық маңызы бар инвестициялық жобалар талқыланып, нақты келіссөздер жүргізілді.

Агроөнеркәсіп және су ресурстары саласындағы серіктестік

Далянь қаласында өткен кездесуде ауыл шаруашылығы, су үнемдеу технологиялары және ирригациялық инфрақұрылымды жаңғырту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қала әкімінің орынбасары Чжао Дунмен болған келіссөздер нәтижесінде «Юлин» компаниясымен Қызылорда облысында заманауи суару технологияларын енгізу бағытында жұмыстар пысықталуда.

Аталған жоба су ресурстарын тиімді пайдалануға, аграрлық секторды жаңғыртуға және ауыл шаруашылығы өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Қытайлық әріптестер бұл бастаманың өңір үшін үлкен әлеуетке ие екенін атап өтті.

Машина жасау және көлік-логистика саласындағы әріптестік

Чанчунь қаласында Цзилинь провинциясы басшылығымен өткен кездесуде машина жасау және теміржол салаларындағы ынтымақтастық мәселелері қаралды. Атап айтқанда, «Марал-Нұр» ЖШС-нің вагон жасау зауыты жобасын қытайлық компаниялармен бірлесіп жүзеге асыру жоспары талқыланды.

Бұл жоба өңірде жаңа өндіріс орындарын ашуға, заманауи технологияларды енгізуге және экспорттық әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді.

Өнеркәсіп және инвестициялық жобалар

Бейжің қаласында «TICA» компаниясымен желдету және ауаны баптау жабдықтарын өндіру жобасы бойынша келіссөздер жүргізіліп, жергілікті «Тау Групп» компаниясымен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Жобаның алғашқы кезеңін іске асыру 2026 жылға жоспарланған.

Сонымен қатар, «HongDa» компаниясымен Жаңақорған ауданында қорғасын-мырыш кенін байыту фабрикасын салу жобасы талқыланды. Жалпы құны 120 млн АҚШ долларын құрайтын бұл жоба бойынша ынтымақтастық нығайып, құрылыс жұмыстары 2027–2028 жылдары жүргізіледі деп күтілуде.

Бұдан бөлек, «XINDA TRANSFORMER CO., LTD» компаниясымен трансформаторлар өндіру және индустриялық парк құру жобасы қарастырылды. Жоба аясында бірнеше өнеркәсіптік кәсіпорын ашу жоспарланып отыр.

Ауыл шаруашылығындағы жаңа бағыттар

Қытайлық “Yunguan Xinjia Supply Chain Management” компаниясымен техникалық қарасора өсіру және оны терең өңдеу арқылы фармацевтикалық өнім өндіру жобасы талқыланды. Бұл бастама ауыл шаруашылығын әртараптандыруға және инновациялық бағытта дамытуға жол ашады.

Іссапар қорытындысы бойынша бірқатар қытайлық компаниялармен өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Жобаларды кезең-кезеңімен жүзеге асыру өңірге инвестиция тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және экономиканың әртараптануына оң әсерін тигізеді.

Жалпы алғанда, Қытай Халық Республикасымен нығайып келе жатқан стратегиялық әріптестік Қызылорда облысының өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, инвестициялық белсенділікті күшейтуге және өңір экономикасын жаңа сапалы деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.

Advertisements