ЕЛІМІЗДЕ ҚЫЗЫЛША МЕН КӨКЖӨТЕЛ ЖҰҚТЫРҒАНДАР КӨБЕЙДІ

28

     Елімізде жыл басынан бері қызылша мен көкжөтел инфекциясын жұқтырудың 1200-ден астам жағдайы тіркелді. Науқастардың басым бөлігі  – 14 жасқа дейінгі балалар.

  Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, соңғы үш айда елімізде 1089 адам қызылша жұқтырған. Оның 900-і  – 14 жасқа дейінгі екпе алмаған балалар. Дәрігерлер инфекцияның таралып кетуінен қауіптенеді. Өйткені, қызылша ауа арқылы жұғады. Дәрігерлер қызылшаның таралуын тыю үшін екпе алу керектігін алға тартады. Вакцина балаға 1 жасында, ал ревакцинация 6 жасында егіліп, ағзада вирусқа қарсы иммунитет қалыптастыруға септеседі. Ал екпе алмаған балаға инфекция жұқса, салдары қайғылы жағдайға алып келуі мүмкін, дейді мамандар.

      Қызылшамен қатар қазір көкжөтел ауруы да кеңінен таралып жатыр. Қауіпті инфекция көбіне жасқа толмаған сәбилерде кездеседі. Салдары өте ауыр. Жұқтырған жағдайда мидың инсультіне немесе миға оттегі жетіспеушілігіне жеткізеді. Дерттің алдын алу үшін балаға 3 айлық кезінде екпе салғызу керек. Дегенмен вакцинаға қарсы ата-аналар көп.

      Былтыр елдегі қызылша жұқтырған 28 мың адамның 90 пайызы осы екпе алмаған балалар. Өкініштісі, екпе алмай, ауыр дертті жұқтырғандар арасында көз жұмғандар бар.

Advertisements