ӨҢІРЛЕРДІҢ ИНДУСТРИЯЛЫҚ-ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУ ИНДЕКСІ БОЙЫНША ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ – ҮЗДІК ҮШТІКТЕ

0
213

        Қазақстандағы өңірлердің индустриялық-инновациялық даму қарқыны бойынша жарияланған ресми рейтингте Қызылорда облысы үздік үштікке енді. Бұл көрсеткіш өңірдің индустрияландыру бағытындағы әлеуетін, технологиялық және өндірістік тұрғыда ілгерілеу үстінде екенін дәлелдейді.

Tengenomika сараптамалық тобы ҚР Ұлттық статистика бюросының 2025 жылдың қаңтар–маусым айларындағы деректері негізінде индустриялық-инновациялық даму индексін жасап шығарды. Индекс өндірістің көлемінен бөлек, оның сапалық сипатына — технологиялар, өнімділік және инвестициялық белсенділікке мән береді.

Индексті құрастыруда келесі төрт негізгі көрсеткіш ескерілді:

  1. Өңдеу өнеркәсібіндегі жалпы қосылған құнның нақты көлем индексі
  2. Еңбек өнімділігінің өсу қарқыны;
  3. Орта және жоғары технологиялық тауарлардың экспорттағы үлесі;
  4. Өңдеу өнеркәсібіне салынған инвестиция көлемінің артуы.

Рейтинг бойынша Қарағанды, Астана және  Қызылорда облысы үздік үштікке кіріп отыр. Қызылорда облысы өңдеу өнеркәсібіндегі құрылымдық өзгерістер, еңбек өнімділігін арттыру, инвестиция, экспорт үлесінің ұлғаюы арқылы осындай жоғары нәтижеге қол жеткізді.

Сарапшылардың пікірінше, Сыр өңірі дәстүрлі шикізаттық бағыттан алшақтап, өндірісті әртараптандыру мен жаңғырту бағытында нақты қадамдар жасауда.

Қызылорда облысының үздік үштікке енуі өңір үшін ғана емес, еліміз үшін жағымды жаңалық. Бұл көрсеткіш өңірде қабылданып жатқан экономикалық шешімдердің, инвестициялық саясат пен кәсіпкерлік қолдаудың нақты нәтижесі екенін айқындап отыр.

 

 

Advertisements