Ислам Шотландия чемпионатында алғашқы голын соқты

72

Paparaci.kz Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы Ислам Чесноков Шотландия чемпионатында алғашқы голын соқты.
Өскемен футбол мектебінің түлегі 26 жастағы футболшы қысқы трансферлік ауысымда Қостанайдың “Тобыл” командасынан Шотландия Премьер-лигасының көшбасында келе жатқан “Хартс” клубына ауысқан болатын.
Қазақстанның үздік ойыншыларының біріне баланған Ислам Ұлыбритания жерінде де таланты мен табандылығын көрсетіп, шеберлінін дәлелдеуде. Ол “Хартс” жейдесінде осымен төртінші мәрте ойынға шығып, мергендігімен көзге түсіп үлгерді. “Фолкирик” командасына қарсы кездесуде Чесноков бірінші таймның соңында гол соғып, ойын 1:0 есебімен аяқталды. Осылайша қазақстандық аяқдопшы өз клубына өте маңызды жеңіс сыйлады. Жалпы 28-турдан кейін “Хартс” 60 ұпай жинап, турнирлік кестенің көшбасында келеді. Және екінші орында келе жатқан глазголық “Рейнджерстен” әзірге 5 ұпай ұзап тұр. Шотландия біріншілігінің аяқталуына 5 тур қалды. Егер “Хартс” қалған ойындарда ұпайдан шашау шығармаса Шотландия чемпионы атанады. Ал “Фолкирик” командасымен кездесуден кейін “Хартс” бас бапкері Дерек Макиннес Ислам Чесноков туралы пікірін білдірді:

Ислам дұрыс бағытта келе жатыр. Командаластарының сенімін сезініп, өзін жақсы қырынан көрсетуде. Біз оның тынбай жаттығып, алаңдағы табандылығын көріп жатырмыз. Тіпті, ол мен жаттықтырған қапталдағы жартылай қорғаушылардың ішіндегі ең еңбекқоры деп айта аламын. Уақыт өткен сайын өзіне деген сенімділігі артып келеді. Бірте-бірте алға ілгерілеп, команданың бір мүшесі екенін сезінуде. Сұхбат бере ала ма білмейм. Бірақ, ағылшынша сөйлеуі де жетілген. Ол әлі де даму процесінде. Сондықтан, біз Чесноковты командаға алғанымызға ризамыз.

Айта кетейік, Ислам Чесноков Шотландия чемпионатында өнер көрсеткен алғашқы қазақстандық кәсіби аяқдопшы. Жақын келешекте тағы бір талантты жас футболшымыз Дастан Сәтпаев “Челси” сапында ағылшын Премьер-лигасында доп тебуі мүмкін.

Advertisements