Күкірт қышқылы қоймасының артында кім тұр?
Қызылорда облысы, Шиелі кентінде тұрғындар күкірт қышқылын сақтайтын қойманың салынуына наразы. Бүгінде кәсіпкер жергілікті әкімдіктің де ескертуін пысқырмай, зиянды өндірістің құрылысын жүргізіп жатыр.
Жалпы кез келген затты ыдыратып жіберетін химикат арқылы уран өндіріледі. Адам денсаулығына зиян келтіретін қауіпті сұйықтықтың 6 мың тоннасын сақтайтын қойма заң талаптары бойынша елдімекеннен мың метр қашықта салынуы тиіс. Бірақ, зиянды өндіріспен тұрғын үйлердің арасы 500 м жетпейді. Ел арасында дау тудырған нысан құрылысына құзырлы мекемелер де тексеру жүргізіп экологиялық, санитарлық нормалардың сақталмағанын анықтаған. Алайда, жобаны жүзеге асырушы компания ешбір ескертулерді елемей отыр. Тіпті, кәсіпкер жер телімін пайдалану мақсатын негізсіз өзгертіп, өрескел заң бұзушылықтарға барған.
«Бұлар жерді сатып алған кезде аудандық жер қатынастары ауылшаруашылық бөлімі мен аудан әкімдігін алдап алып отыр. Аукционға шыққан жерге құжат тапсырған кезде ғимаратқа қызмет көрсету, өндіріс орнын ашамыз деп көрсеткен. Бірақ, айналып келгенде қауіптілігі 1-классқа жататын кислота сақтау қоймасын салып жатыр. Жалпы жұрттың кәсібінде біздің жұмысымыз жоқ. Егер халыққа зияны болмаса, халыққа кесірі тимесе. Ал бұл компания жергілікті тұрғындарды улайын деп отырғанда біз неге тыныш жатуымыз керек»,- дейді аудандық мәслихат депутаты Қанат Жүсіпов.
Ал медицина ардагері Болат Күлімбетов күкірт қышқылы қоймасының тұрғын жайларға жақын жерден салынуы жергілікті халыққа жасалынып жатқан қиянат деп есептейді. Себебі, уран адам өміріне қауіп туғызатын бірден-бір улы шикізат. Сондықтан, «бұл қисынсыз жобаны уақытында тоқтату керек»,- дейді ол.
«Бұл жерде 6 цистерна тұр. Әрқайсысы мың кубтан. Сонда 6 мың куб. Сонда халықтың жағдайы қалай болады? Бұл күкірт қышқылының тек қана өзі ғана емес. Бұның буы да зиян. Ол буы адам тұншығып, өкпеге әсер етіп өліп кетуі ықтимал. Өте зиянды қышқыл бұл»,- деп Болат Күлімбетов жан-айқайын жеткізді.
Заңсыз құрылыс нысанын салып жатқан компанияны аудан әкімдігі де бірнеше мәрте сотқа беріп, құзырлы органдарға арызданған.
«Біз бұл құрылыс бойынша облыстық экономикалық сотқа өзіміздің талап-арызымызды бергенбіз. Бүгінгі күні талап-арыз экономикалық сотта қаралуда. Құрылысты тоқтату мақсатында прокуратураға да бергенбіз. Тағы да басқа құзырлы органдар арнайы жұмыс жасап жатыр осы мәселемен», – деді Шиелі ауданы әкімінің орынбасары Бағлан Сағындықов.
Ал экономикалық сот аудан әкімдігінің талап-арызын бір емес бірнеше мәрте керіп қайтарыпты. Яғни, ел қарсы болған өзекті мәселенің түйіні тартқатылмайтын түрі бар. Ашынған тұрғындар заңды белшесінен басып, халықтың денсаулығына зиян тигізетін жобаға тосқауыл қою үшін Президентке дейін «ашық хат» жолдамақ. «Әділетті Қазақстанда» көптің талап-тілегі ескеріледі деген үмітте.