«Кітап Fest» – руханият пен поэзия тоғысқан кеш

Қызылорда қаласының күніне арналған мәдени шаралар аясында «Кітап Fest» әдеби-мәдени фестивалі өтті. Кітап пен әдебиетті, өлең мен өнерді бір арнаға тоғыстырған тағылымды кеш оқырман қауым мен жас қаламгерлердің басын қосты.
Іс-шараның негізгі мақсаты – кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру, оқырман мәдениетін қалыптастыру және әдебиетті жастар арасында кеңінен насихаттау. Бұл бағыттағы жұмыстар елімізде оқу мәдениетін дамытуға бағытталған бастамалармен сабақтасып келеді.
Фестиваль барысында қала тұрғындары мен қонақтарына түрлі жанрдағы кітаптар ұсынылып, әдебиет әлеміндегі жаңа туындылармен танысуға мүмкіндік жасалды. Алматы және Қарағанды қалаларынан арнайы келген баспа үйлері мен кітап дүкендерінің өкілдері өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынып, оқырмандармен пікір алмасты.
«Кітап Fest» аясындағы кездесулер әдебиетке қызығушылық танытқан жастар үшін де мазмұнды болды. Кешке арнайы шақырылған қаламгерлер өз шығармашылығы туралы әңгімелеп, кітаптың адам өміріндегі орны, әдебиеттің қоғамдағы рөлі және жас буынның шығармашылық ізденісі жөнінде ой бөлісті.
Фестивальдің арнайы қонақтары қатарында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Мөлдір Айтбай, ақын Ақжол Түменбай және елімізге белгілі сазгер Үкітай Ерниязов болды. Өнер иелері көрерменмен кездесіп, әдебиет пен музыка төңірегіндегі ойларын ортаға салды.
Кештің ең әсерлі бөліктерінің бірі – «Мөлдір өлең» жобасының негізін қалаушы, ақын Мөлдір Айтбайдың Қызылорданың жас ақындарымен өткізген ақындар дуэлі болды. Сөз сайысына шыққан жас қаламгерлер өзара жыр додасына түсіп, суырыпсалмалық шеберлігін, ой ұшқырлығы мен поэтикалық мүмкіндігін танытты.
Ақындар дуэліне Ақжол Түменбай, Бекжан Ержігіт, Нұргүл Төлеубай, Сәния Жақып, Бексұлтан Санақұл, Өтепберген Нұргелді, Диас Мұстахим және Сандыбай Піржан қатысты.
Жас ақындардың өнерін тамашалаған көрермен жыр жолдарынан туған жерге деген сүйіспеншілікті, қоғамдағы өзекті мәселелерді және адамдық құндылықтарды көре алды. Әр қаламгер өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленіп, сөз өнерінің сан қырын көрсетті.
Шараға қатысқан Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Еркін Турабаев үздік оқырмандарды марапаттады. Сонымен қатар қала әкімінің атынан ақындар дуэліне қатысқан жас қаламгерлерге Алғыс хаттар мен қаржылай сыйлықтар табысталды.
Кітап жәрмеңкесі, әдеби кездесу, ақындар дуэлі мен музыкалық бағдарлама ұштасқан кеш қала тұрғындарына рухани серпіліс сыйлады. Әсіресе жастардың кітапқа, поэзияға және шығармашылыққа деген қызығушылығын арттыруға бағытталған шараның мазмұны көпшілік көңілінен шықты.
Кітап – адамның таным көкжиегін кеңейтетін, ойлау қабілетін қалыптастыратын және рухани дүниесін байытатын маңызды құрал. Ал әдебиет пен поэзияны дәріптейтін осындай кездесулер оқырман мен қаламгер арасындағы байланысты нығайта түседі.
«Кітап Fest» – кітап оқуға үндеп қана қоймай, сөз өнерінің қадірін ұғындырған, руханият пен шығармашылықты тоғыстырған мазмұнды кеш болды.







