Колледж студенттері зертхана жұмысымен танысты

195

“Жол активтері сапасының ұлттық орталығы” РМК Қызылорда облыстық филиалы ғимаратында ашық есік күні өтті. Жолшылар зертханасына И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық-техникалық жоғарғы колледжінің студенттері келді. “Автомобиль жолдары” мамандығы бойынша білім алып жатқан жастар кәсіби мамандардың жұмысымен етене танысып, оқу орнында алған теориялық білімін тәжірибе жүзінде ұшстастыра білді. Бүгінде аймақтағы жолдардың сапасын бақылайтын орталықта заман талабына сай жүзден аса қондырғы бар. Әр аппарат автоматтандырылған жүйеге қосылған. Зертханада тексерілген сынама мен оның қорытындысы ортақ базаға түседі. “Ашық есік” күні шарасы аясында студенттер қиыршық тастың құрамын анықтау, асфальт-бетон жабындысы қалай сынамадан өтетінін көзбен көріп, мамандығы бойынша мол азық алды. Колледж шәкірттерінің жол саласында еңбек етуге қызығушылығы артып, алдағы уақытта жол зертханасында өндірістік тәжірибеден өтуге ниет білдірді. Себебі, орталық білімді және талапты студенттерге әрқашан қолдау көрсетіп, жазғы маусымда жастарды ақылы өндірістік тәжірибеге қабылдайды. Сондықтан, филиал ғимаратында “Ашық есік” шаралары алдағы уақытта жиі ұйымдастырылып, болашақ жолшыларға бағыт-бағдар беру жұмыстары жалғаса бермек.

Advertisements