Әлемге танылған блогерлер Қызылордадағы Президент саябағына келді

Әлемге танымал блогерлер Дастан Мұхамедрахым мен Джо Хаттаб (HATAB JEHAD JAMAL TAWFIQ) Қызылорда қаласына сапары аясында қайта жаңғыртылған Президент саябағын аралап көрді.
Қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орындарының біріне айналған Президент саябағында қонақтар заманауи инфрақұрылыммен танысты. Мұнда субұрқақтар, амфитеатр, спорт және ойын алаңдары, би және шахмат аймақтары, баскетбол мен футбол алаңдары орналасқан. Сондай-ақ саябақ аумағында биіктігі 50 метрлік айналмалы шолу дөңгелегі, велосипед және жүгіру жолақтары, санитарлық пункттер салынған.
Жалпы аумағы 31 гектарды құрайтын саябаққа 2 мыңнан астам ағаш, 50 мыңнан астам сәндік бұта және 17 түрлі көпжылдық гүл егілген.
Президент саябағы аумағын тиімді пайдалану бағытында бүгінде бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, 300 орындық заманауи балалар лагері мен Ботаникалық білім беру орталығы пайдалануға берілген. Сонымен қатар 8,2 гектар аумақта тоғыз қабатты 15 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұдан бөлек, 200 төсектік жаңа перинаталдық орталық, жаңа драма театры және заманауи Президенттік кітапхана бой көтеріп жатыр.
Сапар барысында блогерлер Қызылорданың туристік әлеуетімен, қаланың қарқынды дамуымен және жүзеге асырылып жатқан ауқымды инфрақұрылымдық жобалармен танысты.
Айта кетейік, Джо Хаттаб – халықаралық деңгейде кеңінен танылған араб тревел-документалисі, режиссер, бейнеграф және YouTube блогері. Қазіргі уақытта оның әлеуметтік желілердегі жалпы аудиториясы 25 миллионнан асады.
Ол туристік бағыттарды ғана таныстырып қоймай, әлемнің сирек мәдениеттері мен шалғай өңірлеріндегі адамдардың өмірін арқау еткен деректі фильмдері арқылы кеңінен танылған. Джо Хаттаб Эверест тауларындағы шерпалардың тұрмысы, Амазонка джунглилеріндегі тайпалардың өмір салты, сондай-ақ Солтүстік Корея мен Куба туралы бірегей жобалар әзірлеген.
Сонымен қатар ол түрлі елдердегі ерекше кәсіп иелерінің өмірін, тағдырлы адамдардың оқиғаларын және экология, кедейлік секілді жаһандық мәселелерді көтеретін деректі фильмдер түсіреді. Joe Hattab Production жеке медиа өндірістік компаниясы арқылы кинематографиялық стильдегі жоғары сапалы контент әзірлейді.
Джо Хаттаб Sony, Emirates, Samsung, Facebook және Google сияқты әлемдік брендтердің ресми амбассадоры болған. Оның Қазақстан, Сауд Арабиясы және Жапония туралы түсірген бейнежобалары халықаралық аудиторияның қызығушылығын арттырып, аталған елдерге шетелдік туристер ағынының көбеюіне ықпал еткен.
Алдағы екі күнде танымал блогерлер Қармақшы ауданындағы Қорқыт ата мемориалдық кешеніне барып, Байқоңыр ғарыш айлағында деректі фильм түсіруді жоспарлап отыр.







