ҰЛТ САУЛЫҒЫН НЫҒАЙТУДАҒЫ КЕШЕНДІ ШАРАЛАР ПАРТИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИССИЯСЫ ОТЫРЫСЫНДА ТАЛҚЫЛАНДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алып, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту керек» – деген болатын. Сапалы денсаулық сақтау қызметінің қолжетімділігін арттыру партияның Сайлауалды бағдарламасында кеңінен көзделген.
Кеше «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының отырысы өтіп, онда, осы және Сырдария және Шиелі аудандық филиалдарының партиялық бақылау бекеттерінің жұмысы, жалпы партиялық бақылауды ұйымдастыру және ішкі партиялық тәртіпті нығайту жұмыстары талқыланды.
Комиссия отырысына партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов, Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Нұркен Бақытбекұлы, күн тәртібіндегі сұраққа жауапты облыстық басқарма мен мекеме басшылары, сонымен қатар Сырдария және Шиелі аудандық филиалдарының атқарушы хатшылары мен Партиялық бақылау комиссиялары жетекшілері онлайн және оффлайн режимде қатысты.
Жиында ұлт саулығын нығайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар төңірегінде облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ерділда Нұртазаұлы хабарлама жасады.
Өңірде денсаулық сақтау саласында атқарылған жұмыстар нәтижесінде негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіштердің оң үрдісі байқалады. Атап айтқанда, халықтың медициналық мекемелер ұсынатын медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігіне қанағаттану деңгейі 2024 жылы 2023 жылмен салыстырғанда 3,6% жоғарылап, 60,4-ті құраса, күтілетін өмір сүрудің орташа көрсеткіші 74,58-ден 75,15 жасқа артып отыр. Қазіргі таңда жүзеге асырылып жатқан кешенді шараларға қарамастан денсаулық сақтау саласында дәрігерлер тапшылығы сақталуда.
Ерділда Нұртазаұлы облыста 104 дәрігер мамандығына тапшылық бар. Оның 45,2 пайызы аудандарға тиесілі. Бұл аудандық ауруханалардың көпсалалы аурухана ретінде қайта құрымдалуына және сәйкесінше аудан орталықтарында мамандандырылған бөлімдердің ашылуына байланысты қалыптасып отыр. Алайда облыс әкімдігінің қолдауымен жүргізіліп жатырған кешенді іс-шаралардың нәтижесінде тапшылық жылдан жылға азаюда»,- дейді.
Атап өту керек, бүгінде облыс тұрғындарына 29 стационарлық, 25 амбулаториялық-емханалық, 101 дәрігерлік амбулатория, 27 фельдшерлік акушерлік бекет, 93 медициналық бекет медициналық қызмет көрсетуде.
Комиссия отырысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің халыққа тиімділігін арттыру мәселесі де сөз болып, бұл бағытта «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Қызылорда облыстық филиалы директоры Жақсылық Абдусаметов толық ақпарат берді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселеге орай Сырдария және Шиелі аудандық филиалдары жанындағы партиялық бақылау комиссиялары төрағалары баяндап, комиссия мүшелері тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.
Жиында арнайы сөз алған партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов партияның сайлауалды бағдарламасы аясында денсаулық саласына қатысты жасалып жатқан жұмыстарды тілге тиек етті.
«Партия өзінің 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасында Қызылорда қаласында ауысымына 100 келушіге арналған емханасы бар 300 төсекке арналған көпбейінді аурухана салу, облыстық қан орталығы құрылысын жүргізу, 24 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік пункт және 1 медициналық пункт құрылысын жүргізу, медициналық ұйымдардың жоғары технологиялық құралдармен жабдықталуына ықпал ету, халықтың скринингтік зерттеулермен қамтылуын қадағалау, медицина кадрларының жетіспеушілігін төмендету мақсатында жыл сайын облыс әкімінің гранты бойынша 20 мектеп бітірушісін еліміздің медициналық жоғары оқу орындарында, 20 түлекті аса тапшы мамандықтар бойынша резидентурада оқытуға және жыл сайын мыңнан астам медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға қаржы қарастыру мәселелерін көздеген болатын. Бұл жұмыстардың басым көпшілігі жүзеге асты. Орындалу сатысындағы жұмыстарға өздеріңіз куәсіздер. Бүгінгі күн тәртібіндегі мәселе тиісті басқарма мен құзіретті органның қатаң бақылауында болып, елдің денсаулық сақтау бойынша сұранысын толық қанағаттандыруға бірлесіп, жұмыс жасауымыз керек», – деді Алмасбек Есмаханов.
Отырыс соңында кеңес мүшелері тарапынан көтерілген ұсыныстар ортаға салынып, жұмысты жетілдіру мақсатында хаттамаға енгізілді.