Мәдениет және ақпарат министрі «Aqiqat» журналынының 105 жылдығымен құттықтады

77

«Aqiqat» журналына 105 жыл толуына арналған «Заман мен зиялы мінбері» атты республикалық ғылыми-практикалық конференцияның ресми ашылуында Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевтың құттықтау хатын «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директоры Ержан Байтілес оқып берді.

«Құрметті «Aqiqat» журналының ұжымы!

Сіздерді қазақ баспасөзінің қазыналы қара шаңырақтарының бірі – «Aqiqat» ұлттық қоғамдық-саяси журналының 105 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Ғасырдан астам тарихы халқымыздың қоғамдық-саяси және рухани өмірімен сабақтасып жатқан журнал ел тарихының тағылымды беттерін санасында сақтаған бағалы рухани мұраға айналды. Ұлттың ой-санасының өсуіне, қоғамдық пікірдің қалыптасуына және қазақ журналистикасының өркендеуіне елеулі үлес қосты. Түрлі кезеңде атауы мен мазмұндық бағытты өзгергенімен, журналдың қоғамның көкейкесті мәселелерін қозғайтын беделді пікір алаңы ретіндегі сабақтастығы үзілген жоқ. Бүгінде «Aqiqat» өзекті мәселелерді тереңнен талдап, ұлт мүддесін байыппен зерделейтін салмақты басылым ретінде оқырман ықыласына бөленіп келеді. Бұл журналдың әр жылдардағы басшыларының, ардагер қаламгерлерінің және қазіргі шығармашылық ұжымының еселі еңбегінің нәтижесі екені сөзсіз. Алдағы уақытта да «Aqiqat» тағылымды дәстүрі жаңа мазмұнмен толығып, қоғамға ой салатын қызметі жалғаса беретініне сенімдімін. Мерейтоймен құттықтай отырып, Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, шығармашылық шабыт пен толайым табыс тілеймін”, – делінген құттықтау хатта.

Сондай-ақ, ҚазҰУ-дың Басқарма төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаевтың, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты директоры, Матыжанов Кенжеханның құттықтау хаттары оқылды.

Advertisements